Ішкі істер министрлігі сталкингке қатысты жазаны қатаңдату мәселесін көтерді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, сотталғаннан кейін де жәбірленушіні қайта қудалау жағдайлары үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қолданыстағы заңнама бойынша сталкинг үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 865 мың теңге), сол көлемде түзету жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.
Алайда ІІМ өкілдерінің айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, бұл шаралар жеткіліксіз болып отыр. Мәселен, Алматы облысында сот шешімі мен әкімшілік жазаға қарамастан, жәбірленушіні қудалауын тоқтатпаған адамға қатысты қайтадан қылмыстық іс қозғалған.
«Қайталанушылық факторы мен бірнеше рет жасалу белгісі міндетті түрде ескерілуі керек екенін тәжірибе көрсетіп отыр», – деді Санжар Әділов.
Министрлік сталкинг үшін бұрын сотталған адамның қайтадан дәл сол әрекетті қайталауы жағдайында жазаны ауырлатуды ұсынады.
Ұсынысқа сәйкес, мұндай істерді орташа ауыр қылмыстар санатына жатқызып, бас бостандығынан айыру жазасын енгізу қарастырылып отыр.
Бұл мәселе қазіргі уақытта Мәжілістегі жұмыс тобы деңгейінде талқылануда.