Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа тәртібі бекітіліп, тиісті үкімет қаулысы күшіне енді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа жүйе бойынша мемлекет әр азаматтың болашақ зейнетақысын алдын ала есептейді. Яғни, әр адам үшін зейнетке шыққан кезде қанша қаражат қажет болатыны және сол мақсатқа жету үшін зейнетақы шотында қанша сома сақталуы тиіс екені алдын ала айқындалады.
Есептеу кезінде адамның жасы, өмір сүру ұзақтығының болжамы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар, инвестициялық табыстылық және басқа да бірқатар көрсеткіштер ескеріледі.
Жаңа өзгерістерге байланысты зейнетақы шотында сақталуға тиіс ең төменгі сома ұлғаяды. Соның нәтижесінде зейнетақы жинақтарынан мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат көлемі азаяды. Дегенмен тұрғын үй сатып алу және емделу мақсатында жинақтарды пайдалану тетіктері өзгеріссіз қалады.
Қаулыға сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа әдістеме күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңартылған жеткіліктілік шегін жариялауы тиіс.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 4 маусымға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша қаралады. Ал 5 маусымнан бастап берілген өтінімдер жаңа, қатаңдатылған талаптарға сәйкес есептеледі.