“Ауру — астыңғы ерін, ажал — үстіңгі ерін”. Алайда, бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында орын алып жатқан солақай реформалар осы бір тәмсілді тіптен үрейлі ете түскендей. Соңғы кездері қант диабетімен бетпе-бет келген мыңдаған отандасымыз үшін бармақ тістер жағдай қалыптасты. 2025 жылдан бастап диабетті қамтамасыз ету жүйесінің ТМККК шеңберінен шығарылып, МӘМС қазанына тоғытылуы түйені түгімен жұтқан үлкен мәселеге айналды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстанда диабет дерті оттай өршіп тұрғаны салқын шындық. Бүгінгі таңда ресми есепте 500 мыңнан астам адам тұрса, оның 30 мыңнан астамы — бірінші типті, ал қалған басым бөлігі екінші типті диабетпен алысып келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, нақты көрсеткіш бұдан екі есе көп болуы әбден мүмкін, өйткені мыңдаған адам “тәтті ажалдың” құрығына ілінгенін сезбей де, мойындамай да жүр. Мұндай жағдайда дәрі-дәрмек тізімін қысқарту отқа шоқ тастағанмен тең. “Қазақстанның диабеттік орталығы” қоғамдық қорының басшысы Руслан Закиев бұл жағдайды ашық айтып, дабыл қағып отыр. Ол мәселенің қарасы-қарасын қалдырмай жеткізді. Оның пікірінше, бұл — стратегиялық қателік:
«Қазақстан инновациялық медицинадан 10-15 жылға артқа шегініп барады. аГПП-1 препараттары — бұл жай ғана қантты түсіретін дәрі емес, бұл жүректі, бүйректі сақтап, адамның өмірін ұзартатын терапия. Одан бас тарту — елдегі эндокринологияның дамуын тоқтату және халықаралық хаттамалардан ресми түрде бас тартумен тең. Бұл өзгерістер — жай ғана бюрократиялық реформа емес, бұл пациенттерді тексерілген және өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге қолжетімділіктен іс жүзінде айыру», — дейді сарапшы
Шынында да, “ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады”. Денсаулық сақтау министрлігінің «үнемдеу» деген желеумен аГПП-1 рецепторларының агонистерін (лираглутид, дулаглутид) тізімнен алып тастап, оны SGLT-2 ингибиторларымен алмастыруы — айырбасқа алданғанның, атты есекке алмастырғанның кері. Бұл екі топтың әсер ету механизмі екі басқа. Бірі тәбетті тежеп, салмақты реттесе, екіншісі артық глюкозаны бүйрек арқылы айдайды. Осы орайда Руслан Закиев мынадай ащы шындықты алға тартады:
«Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеттік қисыны шындыққа сәйкес келмейді: аГПП-1 сатып алу тоқтатылды, ал ақша SGLT-2 сатып алуға бағытталып, шығындар көлемі 2–3 есе өсті. Мұндай үнемшілдік іс жүзінде жалған, өйткені бюджет қаражаты жай ғана қайта бөлініп жатыр. Неліктен шенеуніктер ашық әрі түсінікті көрсеткіштермен негіздей алмаған шешімдері үшін азаматтар өз денсаулығын тәуекелге тігуі тиіс? Мұндай шешімдердің артында науқастың қажеттілігі емес, белгілі бір фармацевтикалық лобби тұрғандай әсер қалдырады», - дейді ол.
Мұндай «соқыр саясат» ертеңгі күні мемлекетке одан да ауыр салмақ салуы әбден мүмкін. Себебі, “бүлінгеннен бүлдіргі алма” дегендей, тиімді дәріден айырылған науқас ертең бүйрек жетіспеушілігіне шалдығып немесе жанарынан айырылып, гемодиализге таңылса, оған кететін шығын еселеп артады. Бүгінде Қазақстанда диабеттен болатын өлім-жітім жүрек-қан тамырларынан өршіп тұр, тіпті ауруларының ішінде алдыңғы орында.
«Біз қазір үнемдеген 1 теңге ертең асқынуларды емдеуге кетіретін 10 теңгеге айналады. Бұл — стратегиялық соқырлық. Шенеуніктер бүгін препараттан үнемдеген ақшаны ертең соқыр болып қалған, аяғынан айырылған мыңдаған азаматтарды асырауға жұмсайтын болады. Біз қазір «үнемдеп» жатқан жоқпыз, біз ертеңгі күннің трагедиясын сатып алып жатырмыз», - деп шырылдауда Руслан Закиев.
Сондай-ақ ол Мәжіліс қабырғасында өткен жиында министрлік өкілдеріне бұл реформаның әлеуметтік-экономикалық зардабы туралы тікелей сұрақ қойған. Алайда құзырлы органнан нақты талдау құжаты келмеген. Бұл — шешімнің «кесіп пішілмей», асығыс қабылданғанының айқын дәлелі. Мәселенің төркіні тек дәрінің жоқтығында ғана емес, жауапты тұлғалардың селқостығында жатқандай.
“14 қарашада біз Мәжілісте дөңгелек үстел өткіздік, оған Денсаулық сақтау министрлігі департаменттерінің бар болғаны екі-ақ өкілі келді. Біз оларға қарапайым ғана сұрақ қойдық: мұндай өзгерістерді енгізбес бұрын оның медициналық, әлеуметтік және экономикалық зардаптарына талдау жасалды ма? Өйткені бұл шешімдер халықтың ең әлсіз тобына ауыр соққы болып тиеді. Міне, қаңтар айы да аяқталып қалды, бірақ біз әлі ешқандай құжат алған жоқпыз. Бұл жерде ешқандай талдау жүргізілмеген бе деген күдік туады”, - дейді ол бұл бассыздық туралы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сүйенсек, аГПП-1 препараттары — өмірлік маңызды дәрілер тізіміндегі алтын діңгек. Ал біздегі жағдай “өз қолыңды өзің кескенмен” тең боп тұр. 2026 жылдың қаңтарынан бастап 15 000-нан астам науқастың тағдыры қыл үстінде. Олардың алдында екі-ақ жол бар: не емді шұғыл өзгертіп, денсаулығын тәуекелге тігу, не болмаса айына ондаған мың теңге тұратын қымбат дәріні өз қалтасынан сатып алу. Бұл қамал бұзар қайрат қалмай, тығырықтан шығар соқпақ та табылмайтыны сияқты мәселе боп тұр.
Медицина ғылымдарының кандидаты, жетекші эндокринолог Жанай Аканов Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамы өкілі ретінде, қант диабеті мен аГПП‑1 тобы препараттарының тізімнен шығарылуы туралы:
“Бұл шешім медициналық логикаға және халықаралық стандарттарға негізделмеген. Препараттар тізімінен ГПП‑1 тобының тиімді құралдарын шығару — қант деңгейін бақылау, салмақты және жүрек‑қантамырлық қауіптерді төмендету мүмкіндігін шектеу. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің стратегиялық қателігі болуы мүмкін”, деген пікірде. Жанай Ақанов сонымен қатар арнайы комиссиялар мен клиникалық мамандардың пікірі ескерілмей жатқанын атап өтті. Осы процестің ашықтығына және кәсіби сарапшылар қатысуына шақырды.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде”демекші, мемлекеттік органдар бюджеттің жыртығын науқастардың есебінен жамауды тоқтатуы тиіс. Руслан Закиевтің және мыңдаған емделушінің жанайқайы — құр айғай емес, бұл — ұлт саулығына төнген қатер. Егер біз бүгін инновациялық медицинадан бас тартсақ, ертең мүгедектікке шалдыққан қоғамға айналамыз. Жүйе тығырыққа тіреліп, халық бір ғана сүрлеуге тіреліп тұр қазір.
Kznews.kz сайтының “Формулярлық комиссиялардың шешімдері қаншалықты ашық және дәлелді медицинаға негізделген?” деген сауалына Руслан Закиев:
“Формалды түрде отырыс хаттамалары жарияланады. Алайда қысқаша хаттаманы жариялау — бұл үдерістің толық ашықтығын білдірмейді. Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі болған кезеңде Формулярлық комиссияның жұмысы шынымен барынша ашық өтті: отырыстар онлайн трансляцияланды, жазбалар сақталды, тараптардың уәждерін, клиникалық деректерді талқылауды, фармакоэкономикалық есептеулерді және сарапшылардың позициясын көруге мүмкіндік болды.
Қазіргі жарияланатын хаттамалар, әдетте, тек қорытынды шешімді және талқылаудың қысқаша мазмұнын ғана көрсетеді. Онда көп жағдайда кеңейтілген клинико-экономикалық есептеулер; препараттар кластарын салыстырмалы талдау; дәлелдеме деңгейі бойынша толық уәждеме; қатысушылардың пікірлері туралы ақпарат жоқ.
Бұл толыққанды клиникалық тепе-теңдік сақталмай, бюджет логикасына басымдық берілгендей әсер қалдырады.
Айта кету керек, дәлелді медицина — бұл тек препараттың бағасы емес. Бұл клиникалық тиімділік, асқынуларға әсері, госпитализация жиілігі, жүрек-қантамырлық оқиғалар, өмір сапасы және денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді шығындары арасындағы теңгерім.
Ашықтық дегеніміз — хаттаманы жай ғана жариялау емес, шешім қабылдау логикасын толық көрсету. Ал дәл осы тұсы бүгін жетіспей отыр”, - дейді.
Ал агенттіктің “Сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?” деген сұрағына:
“Бұл жағдайда барлық GLP-1 препараттарын толықтай тыйым салудың орнына, нақты жағдайға қарай қолдануға болады. Мысалы, оларды тек нақты топтағы пациенттерге берсек, мәселен, жүрек-қан тамыр аурулары бар, айқын семіздігі бар немесе SGLT2 препараттарын қабылдай алмайтын адамдар. Мұндай тәсіл бюджетті үнемдеуге көмектеседі және осыны шынымен денсаулығы қажет ететін адамдарға кесірін тигізбейді.
Тағы бір нұсқа – өндірушілермен бағаны келісіп, сатып алу көлеміне немесе клиникалық көрсеткіштердің орындалуына байланысты шарттар жасау. Бұл халықаралық тәжірибеде жиі қолданылады: мемлекет препаратты толықтай тыйым салмайды, бірақ баға мен шарттарды келіседі. Осылайша, пациенттерге препарат қолжетімді болып, бюджет пен мүдделер теңгерімді болады.
Үшінші шешім – мамандар қатысқан толық ашық клинико-экономикалық талдау жүргізу. Егер белгілі бір пациенттерге GLP-1 препараттары баламалардан артық пайда бермейтіні дәлелденсе, шектеу орынды болады. Ал препаратты барлық пациенттерден зерттеу немесе нақты талдаусыз алып тастау үлкен қауіпке әкеледі”, - деп жауап берді.
Руслан Закиев өз сөзінде әзірге осы күнге дейін айтылған дүниелерден ешқандай нәтиже жоқ екенін алға тартты. Тіпті кей шенеуніктердің жеке компания мүдделерін қорғап отқанын да дәлелдей алмайтынын жеткізді. Хаттамада да көп ақпарат талданбаған. Оған ешкімнің де мардымды жауабы жоқ көрінеді.
Түйіндей келгенде, жан амандығы – бар байлықтың басы. Бірақ бұл байлықты қалам ұшымен тәркілеуге ешкімнің хақысы жоқ. Ендігі үміт — құзырлы органдардың істі ақылға салып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, халықтың мүддесін бірінші орынға қоюында. Шенеуніктердің кабинеттеріндегі салқын есеп, науқастардың жанарындағы ыстық жасқа татымайтынын түсінетін уақыт жетті. Бүгін біз көтеріп отырған мәселе – тек 15 мың адамның емес, бүкіл ұлттың ертеңгі денсаулығы. Әйтпесе, басталған істен таймайтын халықаралық медицина ережесін бұзғанымыз үшін өтеуіміз тым қымбат болмақ.