Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты істе жаңа жайт белгілі болды. Апаттың куәгерлері жалған жауап берді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды kznews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әңгіме Zeekr көлігін басқарған жүргізушінің достары туралы болып отыр. Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, жауап алу кезінде олар қайғылы оқиғаға күдікті жүргізушінің мас күйде болғанын жоққа шығарған.
«Алғашқы жауап алу кезінде олардың барлығы Zeekr жүргізушісі Пактың алкогольдік ішімдік ішпегенін айтты. Алайда сараптама қорытындысы бойынша оның қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталды. Төлем түбіртектерінің көшірмелері анықтаушыларға берілді. Құжаттарда алкогольдік ішімдіктерге тапсырыс берілгені көрсетілген. Сондықтан бұл материал жеке өндіріске бөлініп, тергеу басқармасына жолданды», – деді адвокат Мейрман Шекеев.
Көрінеу жалған жауап беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, жантүршігерлік жол апаты 21 наурыз күні таңғы сағат 03:30 шамасында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr көлігіне жалған мемлекеттік нөмір тағылған, ал жүргізуші мас күйде болып, сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүрген. Кейін көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Салдарынан неміс көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен оның 20 және 22 жастағы жолаушы қыздары оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Емделіп шыққаннан кейін, сәуір айының басында ол тергеу изоляторына қамалды.
28 мамырда Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот отырысы басталды. Үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына күдікті сот барысында марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады.
Сотта қаза болғандардың екеуінің туыстары жүргізушіні кешіргендерін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Олар күдіктінің барлық материалдық шығынды өтегенін алға тартты.
Сот процесі жалғасып жатыр.