Ауылшаруашылығы секторын дамытуға мемлекет мейлінше мүдделі болып отыр. Бұл бүгінгі таңдағы нақты талап.
Алайда, бұл бағытта нәтижелі істен гөрі бос сөз көп айтылып жүр. Және саланы қолдауға бөлінген бюджет қаржысын талан-таражға салу фактілері де жиі анықталып жатыр.
Жалпы, аграрлы ел ретінде Қазақстанның әлемдік нарықтағы әлеуеті туралы биік мінберден үнемі айтылып келеді. Сол сияқты қаржы алаяқтығы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі нысанасына да осы агросектордағы әрекеттер айналып отырғаны өтірік емес. Біз ауылшаруашылығы саласындағы субсидия қаражатына қатысты тәуекелдер мен қитұрқылықты бұған дейін жазғанбыз.
Күні кеше аталған тақырып Ақордада тағы сөз болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мал шаруашылығы саласындағы субсидиялардың игерілуіне қатысты нақты деректерді жария етті.
Агенттік жүргізген мониторинг нәтижесінде 30 миллиард теңге көлеміндегі субсидияның тиімсіз жұмсалу тәуекелдері анықталғаны мәлім болды. Бұл аграрлық секторды қолдауға бөлінген қомақты қаражаттың бір бөлігі мақсатты нәтижесіне жұмсалмауы мүмкін деген сөз. Яғни, 30 миллиард теңге субсидияға қатысты тәуекелдер мемлекеттік қолдау жүйесіндегі бақылаудың әлсіз тұстарын да көрсетеді. Егер мұндай қаражат толық әрі тиімді игерілмесе, бұл мал шаруашылығының дамуына тікелей кері әсер етуі мүмкін.
Тоқетерін айтқанда, еліміздегі агросаяттың толыққанды жүзеге асуына қатысты кез келген мәселеге қоғам селқос қарамауы керек. Өйткені, дүниежүзінде болып жатқан дүрбелең азық-түлік қауіпсіздігінің аса маңызды екенін көрсетіп отыр. Осы тұста аграрлық әлеуеті бар мемлекеттердің әлемдік нарықтағы көшбасшы орынға таласы да қоса туындайды.
Дәл қазір жаһан елдерінде осы үрдіс ашық та, жасырын түрде де жүріп жатыр. Ал мұндай сындарлы талаптарға Қазақстанның мүмкіндігі сай келеді.
Біріншіден, еліміз ауыл шаруашылығы жерінің көлемі бойынша әлемде 6 орында тұр. Дерекке қарасақ, ел аумағындағы ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі 2,14 млн шаршы шақырымға жетеді екен. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Қытай, АҚШ, Австралия, Бразилия және Ресейден кейінгі ірі аграрлық мемлекеттердің қатарына қосады. Яғни, мұндай ауқымды жер қоры Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен қатар тиімді басқаруды талап ететін стратегиялық ресурс болып отыр. Әлемдік тәжірибеде әр ел өз табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарай белгілі бір дақылдарға маманданады. Мәселен, АҚШ жүгері өндірісімен, Бразилия соя мен қант қамысымен, ал Австралия бидай және басқа да дәнді дақылдарымен танымал дегендей. Қазір елімізде де осы бағытта аграрлық саясатын қайта қарастырып жатыр. Бұл енді басқа тақырыптың еншісінде.
Әзірге, ауылшаруашылығын қолдауға бөлінген қомақты қаражаттың тиімді жұмысалуына қатыс мәселені бір жақты етуге тиіспіз. Кешегі қабылдауда Президент Тоқаев та Қаржы мониторингі агенттігінің алдына осы талапты нығыздап қойды. Тақырыпқа орай Kznews.kz ақпарат агенттігі өз тарапынан субсидияның игерілуіне қатыс басы ашық сауалдарды Ауылшаруашылығы министрлігіне жолдады. Жауапты органның жауабын күтеміз.