Қазақстандағы кейбір мейрамханаларда келушілерге ит еті аралас тағам ұсынылған болуы мүмкін. Бұл туралы блогер Тимур Балымбетовтің подкастында зооқорғаушылар Темірлан Тоспаев пен Сергей Снегирёв мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Олардың айтуынша, екі жыл бұрын Астанада қоғамдық тамақтану орындарына күмәнді ет өнімдерін жеткізуге қатысты іс қаралған. Белсенділер кейбір мейрамханалар мен франшизаларға сапасы күмән тудыратын аралас фарш жеткізілген болуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ 2023 жылы Шортанды ауданында қаңғыбас иттердің етін сатып келген ер адам ұсталғаны еске салынды. Тергеу барысында шамамен 750 келі ет тәркіленіп, оның бір бөлігі Астанадағы дәмханалардың біріне өткізілгені анықталған. Кейін кафе 150 келі өнім сатып алғанын растаған.
Күдіктіге сот 200 АЕК көлемінде айыппұл салған. Подкаст барысында қаңғыбас иттерді аулау тендерін ет өңдеу кәсіпорны жеңіп алғаны туралы да айтылды.