Испанияға бара жатқан қытайлықтар Жамбыл облысында адасып қалған
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ресейдегі бензин дефициті Қазақстанға әсер етуі мүмкін бе?

Ресейдегі бензин дефициті Қазақстанға әсер етуі мүмкін бе?
Фото: pixabay.com

Көрші елде бензин тапшылығының екінші толқыны басталды. Ресей президенті Владимир Путин жанармай мәселесі барын айтқанымен, оны осы кезеңдегі "белгілі бір қолайсыздық" деп қана бағалады. 

Путин осы әрекеті арқылы елдегі бензин дефицитін қалыпты нәрсе деп атап, барлық жауапкершілікті Үкіметке жүктеді. Алайда, соңғы күндері Ресейдің бірқатар өңірінде бензин сатуға шектеулер қайта енгізіліп, мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар жағдайды ушықтыра түскені мәлім. 

Мәселен, 23-тамыздағы мәлімет бойынша көрші елдің бензин нарығындағы жағдайға қатысты дерек жинайтын BenZinMap порталы Ресейдің 85 өңірінің 63-інде бензин сатуға қандай да бір шектеу енгізілгенін хабарлаған. Тағы 19 өңірдегі жекелеген жанармай бекеттерінде отын тапшылығы немесе бағаның өсуі байқалған.

Путин қанша мойындамауға тырысқанымен, Ресейдегі отын тапшылығының күшеюіне мұнай өңдеу зауыттарына жасалған украиналық соққылардың әсері ерекше болып отыр. Бір ғана тамыздың алғашқы жартысында мұнай өңдеу саласының кемінде тоғыз кәсіпорыны шабуылға ұшыраған. Олардың жиынтық қуаты жылына шамамен 145 млн тоннаға бағаланады екен. Кемінде төрт кәсіпорынның жұмысы тоқтаған. Rystad Energy бағалауынша, қазіргі кезде Ресейдегі мұнай өңдеу көлемі маусымдық қалыпты деңгейден шамамен үштен біріне төмендеген.

Екіншіден, бұл жердегі мәселе тек өндірістік қуаттың уақытша тоқтауында емес. Мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы бұзылған сайын бензин өндіру азаяды, ал ішкі нарықтағы ұсыныстың қысқаруы бағаның өсуіне және отынды мөлшерлеп сатуға әкеледі. Демек, Ресей билігі үшін проблема енді мұнай өндірісінде емес, мұнайды ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдеріне айналдырып, тұтынушыға жеткізу тізбегінде болып отыр.

Жалпы, Ресейдегі мәселе Қазақстан үшін де маңызды. Себебі, көршінің дағдарысы Мәскеудің мұнай өнімдерін экспорттауды шектеуіне әкеліп, Орталық Азия нарығына қысым түсіруі мүмкін. Сарапшылар Қазақстан үшін негізгі тәуекелдерді жанармай бағасының өсуі, шекарадағы сұраныстың артуы және контрабандалық ағымдардың күшеюі деп бағалайды.

Бұған қоса, Ресей Қазақстаннан бензин сатып алушы елге айналуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстан Ресейге шілде-тамыз айларында шамамен 50 мың тонна бензин жеткізуге келіскені хабарланған.

Әрине, Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанда бірден бензин тапшылығын туғызады деу дұрыс емес. Бірақ, ішкі нарықты қорғау мәселесін өткір қояды. Егер Қазақстаннан Ресейге отын экспорты артса немесе Ресейден импорт қысқарса, ішкі нарықтағы ұсыныс пен бағаға қысым күшеюі ықтимал.

Тоқетерін айтқанда, еліміз үшін қазіргі тәуекел тапшылық емес, баға мен сұранысқа қатысты қысымның күшеюінен туындауы мүмкін. Яғни, Ресейдегі дефицит ұзаққа созылса, оның нарықты қайта бөлу әсері Қазақстанға да жетеді. Бұған қоса, Қазақстаннан Ресейге экспорт көлемінің артуы ішкі нарықтағы тепе-теңдікті бақылауды маңызды етеді. Тамызда АИ-92 экспортына берілген квота 43,9 мың тоннаға дейін ұлғайтылғанымен, оның нақты көлемде жөнелтілуі мәселелі болып отырғаны хабарланды.

Қысқасы, Қазақстанға Ресейдегі бензин дағдарысы тікелей қауіп төндіріп тұрған жоқ, бірақ, жанармай нарығындағы баға, экспорт және сұраныс тәуекелдері артып келеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.