Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті. Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында Қазақстанда Эфиопияның кофесі, шайы және гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру мүмкіндігі сөз болды. Бұл бастаманы жан-жақты зерделеу және екі елдің сауда-инвестициялық әлеуетімен танысу үшін өзара делегациялар жіберу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Африка құрлығымен, әсіресе Эфиопиямен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Аддис-Абебадағы Қазақстан елшілігі еліміздің Африкадағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі саналады. Сондай-ақ Қазақстан Африка Одағында байқаушы мәртебесіне ие.
Абий Ахмед Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, Эфиопияның Астанада елшілік ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жеткізді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен де құттықтады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Эфиопия Премьер-министрін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.