Ақтауда "Ақтау қалалық электр желілері басқармасы" коммуналдық кәсіпорнының директоры алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz. “Лада” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаменті шілде айында коммуналдық кәсіпорын басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 2 және 3-тармақтары бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап қызметтік жағдайын және мүмкіндіктерін пайдаланып алаяқтық жасауға, сондай-ақ екі немесе одан да көп жәбірленушіге қатысты осындай қылмыс жасауға қатысты.
Басылымның ресми сауалына берген жауабында 13 тамызда Ақтау қаласының тергеу соты күдіктіге екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағанын хабарлады.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 300-бабына сәйкес, іс материалдары Маңғыстау облысының прокуратурасының қарауында.
Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.