Продюсер Баян Алагөзованың дін, жұмақ пен тозақ туралы жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірқатар қолданушы оның сөзін мұсылмандардың сеніміне құрметсіздік деп бағаласа, енді бірі әр адамның дінге қатысты жеке пікір айтуға құқығы бар екенін алға тартты, деп хабарлайды kznews.kz.
Баян Алагөзова Threads парақшасында дін насихатынан шаршағанын айтып, жұмақ пен тозақтың бар екеніне сенбейтінін жазған.
“Діннен және оның насихатынан қатты шаршадым. Бірден айтайын, мені тозақпен қорқытудың қажеті жоқ. Мен үшін ол жоқ. Әлемде оны көрдім деп айта алатын бірде-бір адам жоқ. Жұмаққа қатысты да солай”, – деп жазды продюсер.
Одан кейін ол жұмақта ер адамдарға “72 хор қызы беріледі” деген кең тараған түсінікті мысқылға айналдырып, бұл тақырыпқа қатысты сауал тастаған.
“Оған қоса 72 хор қызы. Маған таза гипотетикалық тұрғыдан бір нәрсе қызық: олардың пәктігін нақты қалай алмақ? Мұны біреу біле ме?” – деп сұрады ол.
Алагөзованың жазбасына қоғам белсендісі Фатима Қобланқызы жауап берді. Ол продюсердің дінге сенбеуге толық құқығы барын, алайда өзге адамдар үшін қасиетті ұғымдарды келемеждеу мен жеке сенімнің екі бөлек нәрсе екенін айтты.
“Сіз әйел еркіндігі туралы көп айтасыз. Бірақ әйелдің еркіндігі тек қаламаған киімін шешу құқығы емес. Ол қалаған киімін кию құқығы да. Егер таңдау еркіндігі бар болса, ол барлық адамға бірдей жұмыс істеуі керек”, – деп жазды Фатима Қобланқызы.
Ол сондай-ақ Алагөзованың бұған дейін жабық киінетін әйелдердің сырт келбетіне қатысты айтқан пікірлерін де еске салды.
Фатима Қобланқызы Алагөзованың “72 хор қызы” туралы сөзін де сынға алды. Оның айтуынша, мұндай тақырыпты мысқылдамас бұрын оның діни деректердегі мәнін ажыратып алған жөн.
“Баян Мақсатқызы, “72 сор қызы” туралы мысқылдамас бұрын, бұл тұжырымның қайдан шыққанын анықтап алған дұрыс еді. Сізді бүкіл ел таниды, сөзіңізді үлкен аудитория тыңдайды. Сондықтан өзге әйелдердің таңдауы мен сеніміне де құрметпен қараған жөн”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол әйел еркіндігіне қатысты Алагөзованың ұстанымында қайшылық бар деп есептейді.
“Егер әйел қысқа көйлек немесе ашық киім таңдаса, сіз оның өз денесіне өзі ие екенін айтасыз. Ал әйел жабық киінуді таңдағанда, неге бұл құқық жұмыс істемей қалады? Толеранттылық сізге ұнамайтын таңдау басталған жерде аяқталмауы керек”, – деді Фатима Қобланқызы.
Желі қолданушыларының бір бөлігі продюсерді мұсылмандарды ренжітпеуге шақырды.
“Сіз ықпалды, табысты, әдемі әйелсіз. Бірақ мұсылмандарды қорламаңыз. Ойыңызға келгеннің бәрін айта беру қаншалықты дұрыс?” – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы Алагөзованы діннен шаршағанын айта тұра, бұл тақырыпты қайта-қайта қозғайды деп сынаған.
“Егер діннен шаршасаңыз, неге оны мүлдем ұмытып кетпейсіз? Жабық киінетін әйелдерге де тиісуді қойыңыз, толерантты болыңыз”, – деген пікірлер де жазылды.
Кей қолданушылар тіпті құзырлы органдардан продюсердің сөздеріне құқықтық баға беруді сұрап, Қылмыстық кодекстің діни алауыздыққа қатысты бабын атаған. Алайда әзірге Алагөзованың жазбасына байланысты ресми тексеру басталғаны туралы ақпарат жоқ.