Қазақстанның Ұлттық банкі банктер үшін қарыз алушылардың табысын ескеретін жаңа нормативтер әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, мәселе қарыз жүктемесінің және қарыз тәртібінің коэффициенті туралы болып отыр. Олар қарыз алушылардың өз қарыздарын өтеу қабілетін анықтайды. Бұл коэффициенттерді 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізу жоспарланып отыр. Екі көрсеткіш те банктер мен реттеушілер тарапынан несие беру кезінде тәуекелдерді бағалау үшін қолданылады.
«2026 жылдың шілдесіне дейін біз ҚЖК және КТК атты екі коэффициент әзірлеуіміз керек. Екеуі де қазақстандықтардың және кез келген қарыз алушының қарызын өтеу қабілетіне қатысты. Біз адамның табысы жоқ бола тұра банк оған несие беріп, кейін ол төлей алмайтын жағдайға жол бере алмаймыз. Бұл экономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан дұрыс емес», - деді ол.
Ұлттық банк басшысы мұндай шектеулер несиелердің қайтарылмай қалмауы және банк жүйесіне тәуекел тудырмауы үшін қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ережелер қарыз алушылардың ресми табысын, яғни зейнетақы және әлеуметтік аударымдар арқылы расталатын кірістерін есепке алады.
«Банктер табыстың қайдан келетінін көруі тиіс. Егер адамның таза табысы болса, яғни зейнетақы қорына және МӘМС-ке аударымдар жасалып отырса, банктер оның ипотека, автонесие немесе тұтынушылық несие төлей алатынын түсінеді. Ал табыс расталмаса және бәрі қолма-қол ақша арқылы жүрсе, банктер мұндай адамдарға несие беруге құлықты болмайды», - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Сүлейменов жаңа ережелер қарыз алушылар үшін қатаң шектеулерді білдірмейтінін атап өтті.
«Біз қандай да бір қатаң қысым енгізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Керісінше,бұл тәсіл қазақстандықтардың нақты табысына негізделеді. Біз Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің статистикасын, банктердің деректерін және Ұлттық банктің өз статистикасын пайдаланамыз. Жүйе орташа табысы бар қазақстандықтың ипотека, автонесие және тұтынушылық несие алуына мүмкіндік беретіндей етіп реттеледі», — деді реттеуші басшысы.
Орташа табыс қандай болуы керек деген сұраққа Сүлейменов нақты санды әзірге атай алмайтынын жеткізді.
«Қазір нақты айта алмаймын. Әркім өзін орташа қазақстандық деп санайды. Қолымда нақты сандар жоқ», - деп қосты ол.
2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда несиелеу ережелеріне өзгерістер талқыланған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова ипотекалық несиелеу жүйесін реформалау дайындалып жатқанын мәлімдеген еді.
Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, ипотека бойынша мөлшерлеме дифференциалды болады: бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, несие пайызы соғұрлым төмен болады. Егер бастапқы жарна 30% немесе одан жоғары болса, пайыздық мөлшерлеме төменірек болады, ал жарна аз болса, пайыз жоғарырақ болады. Бұл тәуекелі жоғары қарыздарды ынталандырмау үшін жасалады.
Сонымен қатар, нарықтық мөлшерлеме бойынша ипотеканы тек орташа табыстан жоғары табысы бар азаматтар ала алады. Ал табысы төмен қарыз алушыларға ипотекалық бағдарламалар Отбасы банк арқылы ұсынылады.
Мадина Әбілқасымова айтуынша, мұндай шаралар халықтың қарыз жүктемесін азайтуға және ипотекалық несие нарығында шамадан тыс қызып кетудің алдын алуға бағытталған.