Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, өңірлердің даму бюджетіне қатысты жағдай ойлантады. Мысалы, биылғы 1-маусымдағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттердің кірісі 6,56 трлн теңгені құраған. Бұл межеленген жоспардың 99,7 пайызына тең болғанымен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер көлемі 284,7 млрд теңгеге азайған.
Бір қарағанда жоспар орындалғандай көрінгенімен, көрсеткіштердің астарында өңірлік қаржы жүйесінің бірқатар әлсіз тұстары байқалады. Қарасақ, салық түсімдері 3,7 трлн теңгеге жетіп, жоспардың 97,2 пайызы орындалды. Алайда, олардың көлемі бір жыл ішінде 25,6 млрд теңгеге қысқарған. Әсіресе, корпоративтік табыс салығының 85,4 млрд теңгеге төмендеуі өңірлердегі бизнес белсенділігінің баяулағанын немесе кәсіпорындардың табыстылығының төмендегенін аңғартады.
Екіншіден, жеке табыс салығы 1,18 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16 млрд теңгеге артқан. Бұл жергілікті бюджеттердің негізгі тірегі азаматтардың еңбекақысы мен табысы болып отырғанын көрсетеді. Яғни, бүгінде жеке табыс салығы барлық салық түсімдерінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр.
Сарапшылар мұндай құрылым өңірлік экономиканың ерекшелігін көрсетеді деген пікірде. Бір жағынан, халық жұмыспен қамтылып, жалақы қорынан бюджетке тұрақты түсім түсіп жатыр. Екінші жағынан, кәсіпкерлік сектордың үлесі салыстырмалы түрде әлсіз күйінде қалып отыр. Егер өңірлердің экономикалық әлеуеті күшейіп, өндіріс пен бизнестің табысы артса, корпоративтік табыс салығы да негізгі кіріс көздерінің біріне айналар еді.
Үшінден, кірістердің төмендеуіне республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің қысқаруы да әсер етіп отыр екен. Биыл олардың көлемі 2,5 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 385 млрд теңгеге азайған. Бұл орталық бюджет тарапынан өңірлердің өз кіріс базасын күшейтуге бағытталған саясаттың белгісі болуы мүмкін. Алайда, өңірлер әзірге мұндай өзгерістерге толық дайын екенін көрсете алмай отыр.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттердің шығыстар құрылымында да айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Қаражаттың негізгі бөлігі білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы және ауыл шаруашылығына жұмсалған. Бұл жергілікті бюджеттердің әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталғанын көрсетеді.
Жалпы, өткен бес айдың қорытындысы бойынша 162,6 млрд теңге көлемінде профицит қалыптасты. Дегенмен профициттің болуы өңірлік экономиканың күшейгенін білдірмейді. Көп жағдайда ол жоспарланған шығыстардың толық игерілмеуімен немесе бірқатар жобалардың кейінге шегерілуімен байланысты болуы мүмкін дейді мамандар.
Жалпы алғанда, өңірлердің қаржы жүйесінде түбегейлі өзгеріс байқалмайды. Жергілікті бюджеттердің табысы бұрынғыдай халықтың кірісіне тәуелді, ал шығыстары әлеуметтік міндеттерге бағытталған. Сондықтан алдағы жылдары өңірлердің экономикалық дербестігін күшейту үшін өндіріс орындарын көбейту, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу басты міндет болып қала береді. Әйтпесе жергілікті бюджеттердің тұрақтылығы халықтың табысына ғана сүйенген күйінде қала бермек.