Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Алмат Несіпқалиев төрт айлық сәбиін көтеріп жүріп курьер болып жұмыс істеген жас анаға қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, бірнеше күн бойы отбасының жағдайын зерттеп, жан-жақты көмек ұйымдастыруға тырысқан. Белсенді қайырымдылық қорларымен байланысып, баспана мәселесін шешу жолдарын қарастырғанын жеткізді.
Алмат Несіпқалиевтің сөзінше, жас отбасының тұрмыстық жағдайы түсірілген бейнематериал дайын болған. Алайда кейін әйел көмек жинаудан бас тартып, видеоны жарияламауды сұраған. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын, уақытша баспана мәселесі шешілгенін және жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылғанын мәлімдеген.
Белсендінің айтуынша, бұдан кейін отбасы байланысқа шықпай, әлеуметтік желіде оны бұғаттап тастаған. Соған қарамастан, ол бұл жағдайдың қоғамдағы қиын жағдайда жүрген жас отбасылар мен жалғызбасты аналардың мәселесіне назар аудартқанын атап өтті.