Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісімді жоғары бағалап, оның өңірлік және жаһандық қауіпсіздік үшін маңызды қадам екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісімге қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда мұндай келісімнің аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызы ерекше.
– Халықаралық ахуал күрделі қазіргі кезеңде аймақ және әлемдік қоғамдастық үшін мұндай келісімнің маңызы зор. Біз тараптардың саяси ерік-жігерін жоғары бағалаймыз. Бұл өзара сенімді қалпына келтіріп, екі жаққа да тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік берді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев келісімге қол жеткізу жолындағы АҚШ президенті Дональд Трамптың рөлін ерекше атап өтті.
– Сын сәтте батыл әрекет етіп, стратегиялық көрегендік танытқан АҚШ Президенті Дональд Трамптың көшбасшылығын ерекше атап өтеміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы жетекшілігінің конструктивті ұстанымын қуаттаймыз, – деп жазды ол.
Президенттің пікірінше, аталған келісім Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, халықаралық қауіпсіздікке де оң ықпал етеді.
– Қазақстан осы бейбіт келісімге қол қою Таяу Шығыста және одан тысқары жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін қалайтынына сенім артады, – деді Мемлекет басшысы.