Астанада "Әділет" партиясының II съезі өз жұмысын бастады. Жиын барысында делегаттар AMANAT партиясының "Әділет" құрамына қосылуы туралы ұсынысты талқылап, партияның алдағы даму бағыты мен өңірлік құрылымдарын қалыптастыру мәселелерін қарайды, деп хабарлайды kznews.kz.
Съезге партия делегаттарымен қатар қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысып жатыр. Олардың қатарында құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай сервистік салалардағы ірі қауымдастықтардың жетекшілері бар.
Бұған дейін аталған ұйымдар "Әділет" партиясын қолдайтындарын мәлімдеген болатын. Қазір олардың өкілдері партия құрамына еніп, оның ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру мен бағдарламалық міндеттерін жүзеге асыруға қатысып жатыр.
Съезге сондай-ақ AMANAT партиясының өкілдері де қатысып жатыр. Делегаттар партияның "Әділетке" қосылуы мәселесін қарамақ.
"Әділет" партиясының төрағасы Айбек Дәдебай екі партияны бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін айтты.
"AMANAT партиясы халықтың мұң-мұқтажы мен сұранысын билікке жеткізу үшін бар күш-жігерін салды. Сондықтан олардың жұмысын дұрыс немесе бұрыс деп бөліп қараудың қажеті жоқ", – деді Айбек Дәдебай.
Съезд күн тәртібінде партияның одан әрі дамуы, өңірлік филиалдар құру және ұйымдық құрылымды нығайту мәселелері де бар. Пленарлық отырыс алдында стратегиялық сессия өтіп, қатысушылар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттары мен елдің қоғамдық-саяси дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Еске салайық, "Әділет" партиясы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің бастамасымен құрылған. Партияның құрылтай съезі 2026 жылғы 7 мамырда Астанада өтіп, 1 маусымда Әділет министрлігінде ресми тіркелген еді. Партия өз қызметін әділдік, жауапкершілік, теңдік, патриотизм және прогресс қағидаттарына негіздейтінін мәлімдеген.