Белгілі журналист Серік Әбікенұлы қазақ тілінде кейінгі жылдары жиі қолданылып жүрген «ауыр қаза», «орны толмас қаза» секілді тіркестердің дәстүрлі қазақ дүниетанымына сай келмейтінін айтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның пайымынша, қазақта қаза «ауыр» немесе «жеңіл» деп бөлінбеген, ал әсірелеу – кейін енген тілдік құбылыс.
«Қазаның жеңілі бола ма? Қазақта ондай ұғым болмаған. Қаза – қаза. Кім кетсе де, елдің қабырғасын қайыстырады», – деді Серік Әбікенұлы.
Журналист сөзін тарихи мысалдармен нақтылайды. Айтуынша, Үмбетей жыраудың Абылай ханға Қанжығалы Бөгенбай батырдың қазасын естіртуінде де әсірелеу жоқ.
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
«Міне, естірту осылай жасалған. “Ауыр қаза”, “енді мұндай ұл тумайды” деген сөз жоқ», – деді ол.
Керісінше, жырау ханға дем беріп, орны толатынын меңзеп, тілек айтады.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Серік Әбікенұлының айтуынша, қазақтың қаралы хабар жеткізу мәдениетінде философиялық сабыр басым болған.
«Қарттар “Тұлпардың тұяғы кетіледі, қыранның қанаты сетіледі, бүтін тұратын дүние жоқ” деп, өлімді өмірдің заңы ретінде қабылдатқан. Немесе:
Өлместі құдай жаратпас,
Өлмейтін өмір жоқ,
Сынбайтын темір жоқ.
Өлмесе, ата-бабаларымыздың
Бәрі қайда кетті?!
– деп “ұрсып” барып естірткен», – деді журналист.
Оның пайымынша, мұндай сөздер адамды бірден еңіретпей, ойға қалдырып, сабырға шақырған.
Журналист Шыңғыс хан дәуірінен бастап қазақ даласында қаралы хабардың сөзбен емес, күймен жеткізілгенін де еске салады.
«Шыңғыс ханға да Жошының өлімін “ауыр қаза” деп жеткізбеген, күймен естірткен. Шыңғыс Уәлихановқа да Шоқанның қазасы домбыра мен сыбызғы арқылы жеткізілгені айтылады», – деді ол.
Серік Әбікенұлы Әлихан Бөкейханның Абай Құнанбаевтың қазасына жазған қазанамасына да назар аударады.
«Әлихан “1904 жылы маусымның 23-жұлдызында даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды” деп жазады. Бір ауыз “ауыр” деген сөз жоқ. Абайдың өзі де “адамы өлсе – қаралы ол” деді», – деді ол.
Журналист Жамбыл Жабаевтың Алғадайды жоқтауында да «ауыр қаза» тіркесінің кездеспейтінін атап өтті.
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға…
«Өзек өртер қайғы бар, бірақ тілде әсірелеу жоқ», – деді Серік Әбікенұлы.
Оның айтуынша, «ауыр қаза» тіркесі қазақ тілінде ХХ ғасырдың ортасынан бастап орныға бастаған.
«1956 жылы Александр Фадеев қайтыс болғанда Мұхтар Әуезов “Ауыр қаза” деп мақала жазды. Меніңше, бұл – орыс тіліндегі тяжёлая утрата, невосполнимая утрата тіркестерінің ықпалы», – деді ол.
Сондай-ақ журналист «орны толмас қаза» ұғымы да қазақы танымға жат екенін айтады.
«Қазақ ешқашан “енді мұндай ұл тумайды” деп күдер үзбеген. Патша кетсе де, батыр кетсе де, орнын басар ұл туады деп сенген. Орынбасар, Ізбасар, Мұрагер деген есімдер соның дәлелі», – деді Серік Әбікенұлы.
Сөз соңында журналист маңызды сауал тастайды.
«Ауыр қаза” деген тіркес Әуезовке дейін қазақ сөздік қолданысында болды ма, әлде бұл кейінгі тілдік ықпалдың нәтижесі ме – осыны байыппен ойлау керек», – деді ол.