Англия мен Уэльстің Жоғарғы соты қазақстандық кәсіпкер Тимур Қуанышевтің және оның серіктестерінің активтерін бүкіл әлем бойынша бұғаттау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот шешімі Ресейдің ВТБ банкінің талап арызы негізінде қабылданған. Қаржы ұйымы «Печоранефтегаз» компаниясының несиесі бойынша 7,19 млрд рубль (шамамен 41 млрд теңге) өндіріп алуды талап етіп отыр.
Соттың қаулысымен Қуанышевтің, оның жұбайы Альфия Асқар Абулхаирдің және серіктесі Евгений Шленскихтің қаржысына жаһандық шектеу қойылды. Бұғатталған мүлік қатарына шамамен 200 млн доллар тұратын шетелдік холдингтердегі үлестер, сондай-ақ Ұлыбритания мен Қазақстандағы жылжымайтын мүлік кірген.
Сот материалдарына сәйкес, дау 2019 жылғы несие келісіміне байланысты туындаған. Банк қарызды реттеу кезінде жауапкерлер жалған құжаттар мен шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынды деп мәлімдеген.
2024 жылдың шілдесінде жауапкерлер «Печоранефтегаз» компаниясының бас компаниясындағы 25 пайыз үлесті сатып алып, қаржыға қатысты кепілдік міндеттемелерге қол қойған. Алайда 2025 жылдың сәуірінде компания несие төлемдерін кешіктірген.
Істі қарау барысында жауапкерлер активтерді жариялау шегін 5 мың фунттан 25 мың фунтқа дейін көтеруді сұраған, бірақ сот бұл талапты қанағаттандырмады. Судья активтерді ашып көрсету бұғаттау талаптарының орындалуын бақылаудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар сот талапкерден қамтамасыз ету сомасын 100 мың фунттан 500 мың фунтқа дейін ұлғайтуды міндеттеп, санкциялық шектеулерге байланысты қажетті лицензияларды рәсімдеуді тапсырды.
Тимур Куанышев – мұнай-газ және тау-кен саласындағы активтері бар ірі қазақстандық инвестор. Ол TNG Holding холдингінің және «БАТТ» корпорациясының негізін қалаған, сондай-ақ бұрын Forbes тізіміндегі ең бай қазақстандықтардың қатарында болған.
Сот шешіміне сәйкес, активтерді бұғаттау шарасы күшінде қалды, ал іс бойынша тыңдаулар жалғасады.