Ұлттық статистика бюросы халық санының өсімі мен тұрғындардың денсаулығына қатысты талдау дерегін жариялады.
Статистикаға сүйенсек, былтыр елімізде 335 мың бала дүниеге келген. Ал қайтыс болған адамның саны 134,7 мыңды құрады. Яғни, табиғи өсім көрсеткіші - 200,3 мың адам.Бұл деректер халық санының тұрақты өсімін көрсетеді. Ал табиғи өсімнің артуы елдің демографиялық әлеуетінің әлі де жоғары екенін білдіреді.
Туу көрсеткіштерін аймақтар арасына қарай жіктесек, 3 өңірде демографиялық дүмпу тұрақты қайталанатынын байқаймыз. Көш басында, әлбетте Түркістан облысы тұр. Өңірдегі бала туу көрсеткіші 22,22 пайыз. Одан кейінгі орын Маңғыстау облысына тиесілі, дүние есігін сәбилердің 21,40 пайызы түбекте туғандар екен. Ал үштікті Шымкент қаласы қорытындылайды, мегаполистегі туу көрсеткіші 21,76 пайызға жеткен.
Талдауларға қарасақ, бұл өңірлердегі тұрғындардың көп бөлігі жастар екені және урбанизация үрдісінің де жоғары болуы байқалады. Сондай-ақ, аталған аймақтарда дәстүрлі отбасылық байланыстардың берік сақталуы да демографиялық әлеуеттің жақсаруына ықпал етеді.
Жалпы, елдегі туу көрсеткішінің артуына жас аналардың қосқан үлесі зор. Дүниеге сәби әкелген әйелдердің 27 пайызы 25 пен 29 жас аралығында болса, 30 - 34 жастағы келіншектердің үлесі 26,1 пайыз шамасында. Дегенмен, бұрнағы кезеңмен салыстырғанда ана болу жасының ептеп ұлғайғанын көреміз. Бұған дейін тууға қабілетті әйелдердің арасында 20–24 жастағылар басым болатын.
Өмір бар да - өлімнің болуы да ақиқат. Бұл әлбетте елдегі демографиялық ахуалға кері әсер етеді көрсеткіш. 2025 жылдың толық дерегіне қарасақ, 134,7 мың адам о дүниелік болған. Өлім-жітімнің аймақтарға шаққандағы үлесі бойынша жоғарғы деңгей Солтүстік Қазақстан облысында байқалған, 11,69 пайыз. Ал бұл көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында 11,42 пайыз, Қостанай облысында 10,03 пайыз деңгейінде тұр. Зерделеу бұл аймақтарда халықтың қартаюы жылдам жүріп жатқанын көрсеткен. Сондай-ақ, жастардың басқа жаққа көші-қоны мен урбанизацияның төмен қарқыны да демографияның төменгі шегіне әкеліп отыр.
Мұнан бөлек, елдегі өлім-жітімнің негізгі себептері ретінде бірнеше медициналық қорытынды жасалған екен.
Бірінші орында қан айналым жүйесіндегі кінәраттан болған өлім дерегі тұр, ол жалпы себептің 22,5 пайызын құрайды. Тиісінше, қайтыс болғандардың арасында жүйке жүйесі аурулары 17,8 пайыз, онкологиялық дерт 10,4 пайыз, тыныс алу жүйесінің аурулары 10,2 пайыз болса, 8,1 пайыз адамның ажалы ас қорыту жүйесіндегі аурулардан болған-мыс. Ал түрлі жағдайда жарақат алу мен уланудың кесірінен өмірімен қоштасқандардые саны 7,2 пайыз шамасында. Әрине, бұл көңілсіз статистика ел тұрғындарының созылмалы дерттермен жиі ауыратынын көрсетеді.
Тағы бір өкініштісі, балалар өлімі азаймай отыр. Дерекке қарасақ, былтыр 5 жасқа дейін 2 715 бүлдіршіннің демі үзіліпті. Бұл өлім коэффициентінің 8,10 пайызы. Ал түрлі себеппен 1 жасқа дейінгі 1 992 нәресте шетінеген. Кері коэффициент 5,85 пайызды көрсетеді.
Айтпақшы, былтырғы нақты дерек бойынша елде 115, 9 мың неке тіркелген екен. Осы некенің 45,7 мыңы қайта ажырасқан. Зерделеу нәтижесі Қазақстандағы әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталатынын көрсетіп отыр.