Депутат Асхат Аймагамбетов Мәжілістің жалпы отырысында білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайта беру туралы заң нормасына қарсылық білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Асхат Аймагамбетов бұл норманы қазіргі қалпында қабылдауға болмайтынын мәлімдеді.
«Қазір Қазақстан мектептерінде 4 миллион бала білім алып жатыр. Олар бұл жерде қандай заңдар қабылданып жатқанынан бейхабар, әрі бұл өзгерістерге қарсы пікір білдіре алмайды. Алайда олардың болашағы дәл осы заңға тікелей тәуелді. Негізгі мәселе – мектептерді қайтадан аудан әкімдіктерінің қарамағына беру. Бұл – 4 миллион баланың келешегіне әсер ететін маңызды шешім. Иә, әкімдердің өз өкілдері бар, олардың ықпалы мен мүмкіндігін де көріп отырмыз, дауыстары анық естіледі. Ал сол 4 миллион баланың мүддесін кім қорғайды?»,- деді Асхат Аймагамбетов.
Депутат Білім және ғылым министрі қызметінде жүрген кезінде енгізілген реформаларды қайта өзгерту қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
«Мен аудандық, қалалық және облыстық әкімдіктерде қызмет атқардым, сондай-ақ 4 жыл білім басқармасын басқардым. Сондықтан бұл саланы жақсы білемін. Мектептерді облыстық деңгейге өткізген кезде қандай жағдайды көрдік? Елдегі мектептердің шамамен жартысында қажетті заңды құжаттар, техникалық паспорттар мен жер актілері болмаған. Тіпті кейбірінің жері жекеменшікке өтіп кеткен жағдайлар анықталды. Балалар заң жүзінде тіркелмеген ғимараттарда оқыды. Ал аудандық басқару кезінде 30 жыл бойы осындай жағдай жалғасты. Бюджеттің 95 пайызы тек жалақы мен коммуналдық шығындарға жұмсалып, дамуға қаржы қалмады деуге болады. Сатып алудан үнемделген қаражат көбіне басқа салаларға бағытталып отырды. Сондықтан мектептерге қаржы үнемдеу тиімсіз болды, өйткені ол бәрібір қайта алынып қоятын. Өзім де сол деңгейде жұмыс істеп, мұндай тәжірибені бастан өткердім», – деді Асхат Аймагамбетов.
Оның сөзінше, облыстық вертикаль енгізілгеннен кейін 30 жыл бойы жүргізілмеген аудит жасалып, жасырын жемқорлық схемалары әшкерелене бастаған. Ол білім беру саласын бұрынғы жүйеге қайтару елге кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, 2021 жылғы реформаның нәтижелерін қорғап, бюджетті гибридті басқару моделін ұсынды.
“Біз білім саласын қайтадан бұрынғы күйіне түсіргіміз келе ме, жоқ па? 2021 жылғы реформа нақты не берді? Облыстық вертикаль жүйе арқылы 30 жыл бойы жүргізілмеген аудит жүзеге асты. Ұзақ уақыт бойы жасырылып келген жемқорлық схемалары ашыла бастады. Ал енді бұл функцияны аудан деңгейіне қайтару – сол ескі жүйеге қайта оралу деген сөз. Біз білім саласындағы «феодализмді» жойып, бюджетті теңестірдік. Дотациялық ауылдардағы балалар алғаш рет қаладағы құрдастарымен бірдей оқулықтарға, робототехникаға және пәндік кабинеттерге қол жеткізді. Соңғы 4 жылда халықаралық рейтингтерде тұрақты өсім байқалды. Педагогтерге қолдау көрсетілді, бұрын мұғалімдер түрлі қосымша жұмыстарға жиі тартылса, реформадан кейін олар өз негізгі міндетіне – сабақ беруге ден қоя бастады, ал директорлар мектепті басқарумен айналысуға мүмкіндік алды. Қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Ал оған дейінгі 30 жылда қандай нәтиже болды?», – деді депутат.
Асхат Аймагамбетов білім саласын басқаруда аралас модель ұсынды.
«Ал жылу, жарық, шатыр, санитария, жөндеу құрылыс, сияқты шаруашылық шығыны аудан әкімдерде болсын. Әкім инфрақұрылымға жауап берсін. Бірақ толығымен бәрін аудан әкімдігіне берілмеу керек. Мектепте не оқылатынына әкім араласпау керек», - деді депутат.
Ал «Amanat» партиясының өзге депутаттары мұғалімдер сайлауға да, өзге іске де аралассын деген пікір айтты.
Депутат Нұртай Сабильянов бұл бастаманы бұрыннан көтеріп жүргенін айтты. Ол Мәжілістен бұрын бұл ұсынысын Үкімет мүшелерімен, соның ішінде Премьер-министрдің орынбасарымен және аудан әкімдіктерімен алдын ала талқылаған.
«Осыған байланысты барлық министрліктер мен облыс әкімдіктері бұл мәселені қолдап отыр. Бұл үкіметтің қорытындысына жіберілген ұсыныс. Өйткені аудандық жерлерде қазір мектептерді салуға, жөндеуге аудандық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұл үлкен мәселе. Соны шешуіміз керек. Аудан әкімі сол өңірдегі мектепке бір тиын бөліп бере алмайды. Кейбір аудандардың мектеп салуға, жөндеуге жағдайы бар. Бірақ, біз аудан әкімдерінің құқығын шектеп отырмыз», - деді ол.
Білім министрінің орынбасары болған депутат Мұрат Әбенов те Аймағамбетовке қарсы уәж айтты.
«2021 жылы қабылданған реформа сапалы болды деп мен айта алмаймын. Аудандық деңгейден биілікті алып қою кейін бізге үлкен проблемалар туғызғаны рас. Жалпы мұғалімдерді тәрбие шараларына, мелекет шараларына қосуымыз керек. Бізге аудан, облыс басшылығы сіздер мұғалімдердің мәртебесі деп көп нәрседен оларды шеттеп отырсыздар дейді. Мұғалімдер қашанда мемлекетшіл адам болды, неге олар «Таза Қазақстан» акциясына, референдумға, мемлекеттік өзге де шараларға қатыспауы керек. Қате жүйені қорғай бермеу керек», - деді Әбенов.
Депутат Ерлан Саиров өзінің де бұрын мұғалім болғанын айтып, аудандарда мұғалімдер қоғамдық-саяси шараларға қатысу үшін белгілі бір жарлықты күтіп жүр деп сөз бастады.
«Мұғалім деген ауылда тек сабақ беретін адам емес. Ол ауылдың тәрбиешісі. Сондықтан осы бағыт бойынша бізде нақты стратегия болуы керек. Мұғалім сайлауға да, рефререндумға да қатысуы керек», - деді ол.
Сөйтіп, Қазақстанда білім бюджетін облыстан ауданға қайтару нормасын Аймамағамбетовтен басқа депутаттардың бәрі бір ауыздан қолдады. Енді рәсімге сәйкес заң екінші оқылымда қаралуы тиіс. Сарапшылар мектептер аудан әкімдіктеріне тәуелді болса, оларды тегін жұмысқа салу, газет-журналға жаздыру секілді заңсыз әрекеттер қайта бастала ма деп қауіптенеді. Әлеуметтік желіде көпшілік мұғалім деген тегін жұмыс күшінен айырылған, бір жағы қалтасына түсетін қаражаттан қабылған жергілікті атқарушы билікке бұл заң өте тиімді екенін жарыса жазып жатыр. Жалпы алғанда, талқылау білім саласын басқарудағы ең тиімді модельді табу, мектептердің қаржылық дербестігі мен сапалы білім беру арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін көрсетті. Заң жобасының түпкілікті шешімі келесі оқылымда қабылданады.