“Түсіндірме жұмысы” – Конститутциядан орыс тілін алып тастауды талап еткен Дина Елгезектің үйіне полиция барды
RU KZ
476.81
528.4
5.21

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Конституциялық реформа: қоғам неге тіл туралы бапты қызу талқылауда?

Конституциялық реформа: қоғам неге тіл туралы бапты қызу талқылауда?

Қоғам назарына ұсынылған конституциялық реформаның мұншалықты талқылауға ұласатынын әлеумет қана емес, саяси жүйе де күтпеген сияқты.

Жаңа Конституция жобасы ретінде талқылауға шығарылған мәтіннің ішінара баптарына қатысты қоғамдық пікірдің арыны қатты болып тұр. Елдің қоғамдық-саяси өмірінде мұндай жалпыхалықтық ауызбірлік пен белсенді талқылаудың бұрын болмағанын ескерсек, мемлекетте іс жүзінде саяси-құқықтық деңгейдің өзгеріп, халықтың сауаттанғанын байқау қиын емес.

Бәрін тізіп шығуға міндетті емеспіз, бірақ, ұсынылған жаңа Конституция жобасындағы 9-баптың мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын тұсы шынымен қызықтырады. Өйткені, қазақ қоғамы осы бапты белсенді талқылап жатыр.

Жалпы, конституциялық реформаның мәнінің өзі мемлекеттің негізгі қағидаттарын қоғамдағы нақты өзгерістермен үйлестіру екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, тілге қатысты бұрынғы 7- баптың 9-бап болып өзгеруіне қатысты және ең қызығы мәтіндегі мәртебені айқындауға байланысты жұрт пікірін оң қабылдауымыз керек. Өйткені, Конституцияда атап көрсетілген талаптар формальды норма емес, қоғамдық келісімді және болашақ әлеуметтік сұранысты айқындайтын стратегиялық тетік екені аян. Екіншіден, реформа шеңберінде мемлекеттік тіл туралы қағидаттың сақталуы тарихи әрі саяси тұрғыдан заңды шешім болып отыр. Қағида бойынша қазақ тілі Конституцияда мемлекеттіліктің тірегі ретінде бекітіле отырып, өзге тілдердің қолданылуына кепілдік берілуі азаматтардың тілдік құқықтарын шектемейді. Керісінше, бұл модель көпэтносты қоғамда тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолы екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Сонда қоғамның қызуын көтерген жобадағы "орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады" деген жалқы сөйлем бе? Біздіңше олай емес сияқты. Тіпті, бұл жерде әсіре саяси талап туралы айтудың да қажеті аз екен. Өйткені, қоғам дамуының өзі анықтап, шешім қабылдауға мәжбүрлейтін факторлар болады. Тілге қатысты талап та осы негізде шығып отыр. 

Сәл шегініс жасайық. Мысалы, соңғы жылдардағы білім беру саласына қатысты деректер елдегі конституциялық норманың нақты өмірдегі жағдайға бейімделе бастағанын айқындап бергендей. Яғни, қоғамда қазақ тіліне деген сұраныстың табиғи жолмен реттелуге көшкенін байқау қиын емес. Қараңыз, 2024–2025 оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған 351 мыңнан астам баланың 70 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Бұл – әкімшілік талаптың күші емес, ата-аналардың саналы таңдауы.

Демек, бұл саяси басқару жүйесіне мемлекет құраушы ұлт тарапынан берілген сигнал. Мұндай табиғи үрдісті әкімшілік механизмі арқылы тежеу немесе заң талабы арқылы басқа арнаға бұру мүмкін емес. Оның салдары ауыр болатыны түсінікті. Өкінішке қарай, қазіргі талқылау үстінде қоғам мен билік арасында бірқатар баптарға қатысты барерь пайда болып отырғаны алаңдатады. Тіл туралы да осыны айтуға болады.

Екіншіден, мұндай үрдістің бір маңызды салдары бар, ол қазақ мектептерін бітірген жастар ертең тек қызмет көрсетуші емес, ең алдымен қазақ тілінде қызмет алушы азаматтарға айналатынын түсіну. Яғни, тіл мәселесі тек білім беру жүйесінде емес, мемлекеттік қызметте, медицинада, сотта, банк пен сервис саласында нақты сұранысқа айналып отыр деген сөз.

Ал халық талқылауы барысында сынға ұшырап отырған конституциялық реформаның әлсіз тұсы да осында. Егер мемлекеттік тілде оқыған миллиондаған жас азамат өз елінде қазақ тілінде толыққанды қызмет ала алмаса, онда Конституциядағы норма мен өмір шындығы арасында алшақтық пайда болады. Бұл жағдайда тіл дауының қайта өршуі заңды.

Сондықтан, реформа мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейтумен қатар, қазақ тіліндегі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуды көздеуге тиіс. Өйткені, мемлекеттік тіл талап етілетін міндет қана емес, азаматқа ыңғайлы әрі қолжетімді қызмет тіліне айналғанда ғана оның конституциялық мәні толық ашылады.

Сонымен бірге, тіл мәселесінің саясилануы реформаның әлсіз тұсына айналмауы керек. Тіл туралы бап тармақтары қоғамды бөлу үшін емес, қоғамдық сұранысты реттеу үшін қызмет етуге тиіс. Қазақ тілінің дамуы қысым арқылы емес, өмірлік қажеттілік арқылы жүзеге асқаны жөн еді...

Тағы дерекке жүгінсек, елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы білім алуда, ал жыл сайын шамамен 219 мың түлек еңбек нарығына қадам басады екен. Енді осы түлектердің кемі 70 пайызы қазақтілді екенін ескеріңіз. Яғни, бұл цифрдан жақын жылдары қазақ тілінде оқыған, қазақ тілінде ойлайтын және қазақ тілінде қызмет талап ететін жаңа буынның жылдам қалыптасатынын көреміз.

Қорыта айтқанда, жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тілге қатысты бапты талқылау қоғам тарапынан өткенге құрмет қана емес, болашаққа бағытталған сұранысты қамтитын саяси талап болуы тиіс-ті. Ал конституциялық реформаның жемісі мен жеңісі мемлекеттік тілдің тек заңдағы норма емес, қызмет алушы азаматтың табиғи құқығын бұзбайтын кепілдік негізіне айнала алуында болса керек...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.