Саяси аренадағы айтулы өзгерістер елдегі реформалардың шарықтау шегіне жетіп қалғанын байқатса керек. Конституция мен басқару құрылымына жасалатын бұл жолғы өзгерістер отыз жылдық мемлекеттік дамудың бір тарауын толықтай жауып, басқа формацияға өтуге жол ашады деген сенім бар. Болмаған жағдайда саяси реформалардың барлығы билік транзитіндегі мүдделер ойыны мен басқарушылық имитациясы ретінде бағалануы әбден мүмкін. Әрине, оның беті аулақ болсын. Дегенмен, мұның бәріне уақыт төреші.
Алайда, билік вертикалының тармақтарына жасалған талдамалы өзгерістер ел дамуындағы жалпы ұстанымдарды жоққа шығарып, бәрін "нөлден" бастау мақсатын ұстанбауы керек. Яғни, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарағанда мызғымайтын жүйе жұмыс ырғағынан жаңылмауға тиіс. Сондай маңызды механизмнің бірегейі - институционалды даму мен жергілікті атқарушы биліктің арасындағы сабақтастық болып отыр.
Жалпы, кейінгі жылдары елімізде мемлекеттік басқаруды жетілдіру, децентрализация және институционалды даму бағытында бірқатар реформалар жүргізіліп келеді. Алайда бұл реформалардың нақты нәтижесі орталықта емес, өңірлердегі басқару тәжірибесі арқылы бағаланып, айқындалуы керек болатын. Өйткені, мемлекеттік саясаттың тиімділігі ең алдымен жергілікті деңгейде көрініс табуға тиіс. Бірақ, өңірлік тәжірибе көрсеткендей, әкімдер институты әлі де институционалды модельден гөрі персоналдық басқару жүйесінен ажырай алмай отыр.
Ғылыми негізге салсақ, институционалды дамудың басты белгісі сабақтастықпен айқындалады. Яғни, басқару шешімдері жеке тұлғаларға емес, бекітілген ережелер мен ұзақ мерзімді стратегияларға сүйенуі керек болған.
Алайда, қазір өңірлерде әкім ауысқан сайын даму басымдықтарының өзгеруі, бұрын бекітілген жобалардың тоқтауы немесе қайта қаралуы мен маңызды жоспарлау құжаттарының формалды сипат алуы жиі байқалады екен. Бұл құбылыс институционалды әлсіздікті көрсетеді. Егер жүйе орнықты болса, әкімнің ауысуы өңірлік саясатқа түбегейлі әсер етпеуі тиіс-тұғын. Яғни, әкімдер институтында жауапкершілік негізінен вертикаль бойынша жоғарыға бағытталған күйінде қалып отыр. Өйткені, әкімдердің қызметтік жетістігі көбіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жергілікті қоғам мүшелерінің бағасына қарай емес, орталық биліктің шешіміне қарай бағаланады. Бұл жағдайда билік өкілінің халық алдындағы есептілігі формалды сипатта қалып, қоғамдық бақылаудың күшеюіне жол берілмейді.
Осылайша институционалды дамудың әкімдер институтымен толыққанды сабақтаса алмауы өңірдегі атқарушылық жұмыстардың да өз деңгейінде жүргізілмеуіне әкеліп отырғанғанға ұқсайды. Әсіресе, өңірлік инфрақұрылымды дамыту бағытында қабылданатын шешімдердің нақты нәтижеге жетпеуі билікті де, қоғамды да ойландыруға тиіс. Өйткені, жол, жылу, су және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы дағдарыс көптеген өңірге тән. Оның дерлігі әкімдердің кесімді қызметі кезеңінде шешімін таппайтыны тағы анық. Осы бағыттағы сараптамалар көрсеткендей, мәселе қаржы тапшылығында ғана емес, басқару шешімдерінің қысқа мерзімділігі мен алдыңғы шешімдер үшін институционалды жауапкершіліктің болмауына барып тіреледі екен. Ал жекелеген өңірлерде инфрақұрылымдық проблемалар әкім ауысқан сайын "мәңгілік мұра" ретінде қаралып, жүйелі шешімін таппайтын жағдайға айналған. Осы жерде Абай облысындағы қалыптасқан ахуалды нақты мысалға алуға болады. Және біз бұл тақырыпты алдағы күндері толық тарқатып беруге уәде етеміз.
Екіншіден, институционалды дамудың тұрақты жүйеге айналуына негіз болатын күшті бірі - жергілікті мәслихаттар екені даусыз. Жалпы, мәслихаттардың қызметі әкімдер институтының түбегейлі қалыптасуы мен орнықты жұмыс істеуіне ықпал ететін салмақты күш болуы керек еді. Өкінішке қарай, нақты жағдайда олай болмай тұр. Заң бойынша да мәслихаттар жергілікті атқарушы билікті бақылауы тиіс. Бірақ, мәслихаттардың әкімнің саясатына ықпал ету мүмкіндігі шектеулі болып қалды.
Бұл жағдай билік тармақтары арасындағы теңгерімнің әлсіздігін көрсетеді. Оның сыртында мәслихат депутаты болуға ынталы адамның біліктілігі мен белсенділігі де маңызды еді. Ал өңірдегі өкілетті билік өкілдерінің мемлекетшілдіктен бұрын жеке мүддеге жұмыс істейтіні туралы өкінішті мысалдар жеткілікті. Көп жағдайда аймақтағы "жарты құдай" образына енген әкімдер үшін мінезсіз мәслихаттардың түзілуі мен мүдделі депутаттардың мейлінше көп болуы тиімді сияқты...
Дәл осындай сөзді өңірдегі қоғамдық кеңестер туралы да айтуға болады. Әрине, кеңес ішіндегі белсенді топтың азуы болғанымен, олардың жұмысы ауызша сын айтумен ғана шектелетіні анық.
Айтпақшы, ауыл әкімдерін сайлау реформасы институционалды дамуға жасалған маңызды қадам ретінде бағаланады. Дегенмен, өңірлік тәжірибе бұл реформаның айтарлықтай әсері болмағанын көрсетті.
Мысалы, 2021 жылдан бері шамамен 2 500 ауылдың әкімі сайланды. Бұл барлық ауыл әкімдерінің шамамен 90 пайызын құрайды екен. Және сайланған әкімдердің дені жастар. Сол сияқты олардың арасында әкімшілік немесе партиялық нұсқаумен емес, өз таңдауымен әкімдікті таңдағандар көбейген. Мысалы, әкімдердің орта жасы 46 жас шамасында болса, жалпы 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмаған адамдардан тұрады-мыс.
Бұған қоса, 2023 жылы аудандар мен өңірлік маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлаудың пилоттық тәжірибесі басталды. Ол бойынша 45 аудан мен өңірлік маңызы бар қала әкімі тікелей сайланды. Ал облыс орталығының әкімін сайлау Семей қаласында жүзеге асты. Ескеретін жағдай, жақында аудан-қала әкімдерін тікелей сайлау бастамасына нүкте қойылды.
Бірақ, институционалды дамудың алғышарты ретінде қабылдануы тиіс әкімдер сайлауы өзін өзі ақтамады деуге болады. Өйткені, сайланған әкімдердің қаржылық дербестігі қалыптаспады.
Сондай-ақ, олардың кадрлық шешім қабылдауға ықпалы да, мүмкіндігі де жоқ болып отыр. Яғни, ауыл-қала-аудан әкімі болып сайланған тұлға бәрібір жоғары деңгейдегі әкімдікке тәуелділіктен арылмады. Басқаша айтқанда, билік вертикалы бойынша демократиялық рәсім енгізілгенімен, басқару моделі түбегейлі өзгерген жоқ. Осыдан барып институционалды дамудың жүйелі проблемалары айқындала түскендей. Яғни, жергілікті басқару жүйесіндегі өкілеттік пен жауапкершіліктің теңгерілмеуі, басқарудың жеке дара адамға (облыс әкіміне деп оқыңыз) бейімделген сипаты, қоғамдық бақылау тетіктерінің әлсіздігі мен шешім қабылдаудағы жариялылықтың төмендігі институционалды даму ережесі мен әкімдер институтының сабақтасуына мүмкіндік бермей отырғанын мойындауымыз керек. Соның кесірінен аймақтарда ұзақ мерзімді жоспарлаудың тұрақсыздығы пайда болып отыр.
Тоқетерін айтқанда, елімізде институционалды даму бағыты жарияланғанымен, әкімдер институты әлі де толыққанды жүйеге айналған жоқ. Ал өңірлік басқарудағы мызғымас жүйе дегеніміз - жоғарыдан тағайындалатын әкімдер қанша ауысса да жергілікті жерді дамыту саясаты бұлжымай сақталатын және атқарылған немесе орындалмаған жұмыстар үшін жүктелген жауапкершілік желісі үзілмейтін тізбек болуға тиіс!