Атырау қаласында болған қанды оқиғаға байланысты күдікке ілінген Сұлтан мен Ақбаян туралы олардың бұрынғы көршісі күтпеген жайттарды айтты. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды kznews.kz.
Телеарна мәліметінше, редакцияға осы үйде бұрын тұрған тұрғындардың бірі хат жолдаған. Ол 2023 жылы аталған үйдің бір бөлігін жалдап тұрғанын, сол кезде Сұлтан мен Ақбаянмен көрші болғанын жеткізген.
Көршінің айтуынша, сырт көзге бұл отбасы қарапайым, сабырлы әрі тыныш жандар болып көрінген.
– Біз 2023 жылы сол үйдің екінші бөлігінде жалдап тұрдық. Сұлтан мен Ақбаян біздің көршіміз болды. Олар көшіп келгеннен кейін екі айдан соң біз басқа жерге көшіп кеттік. Қазір жаңалықтарды көріп қатты таңғалып отырмыз. Алланың қалауымен дер кезінде көшіп кеткен екенбіз. Бізге олар өте жуас, момын отбасы сияқты көрінетін. Сұлтанның Наурыз есімді ағасы да келіп тұратын, оны да талай көрдік, – деді ол.
Оның сөзінше, көршілер арасында жаман қатынас болмаған.
– Аралас-құралас болып тұрдық. Жұма сайын бауырсақ, бәліш пісіріп әкеліп беретін. Кейде бізден дастарқан сұрап алатын. Тоңазытқыштары болмағандықтан, еттерін біздің мұздатқышқа салып жүрді. Ақбаян өте жинақы, үйін таза ұстайтын. Мінез-құлқынан ешқандай күмәнді әрекет байқамадық, – деді тұрғын.
Сондай-ақ ол Ақбаянның туыстары жиі келіп тұрғанын айтты.
– Ақбаянның анасы келіп, балаларын қарап жүретін. Ағасы Наурызды да жиі көретінбіз, – деді көрші.
Сұлтан туралы да ол оң пікірде болғанын жеткізді.
– Сұлтан өте тыныш, жуас жігіт сияқты еді. Тіпті жолдасым түнгі ауысымға кеткен кезде үйде балалар қалатын, сонда Сұлтанға сеніп тапсырып кететінбіз. Сол кезде жалдау ақысы қолжетімді болған соң тұрып жүрдік. Кейін жолдың батпағына байланысты 2023 жылдың жазында көшіп кеттік. Қазір ойланып отырсақ, үнсіз адамнан да сақ болу керек деген сөз рас екен. Қазір адамнан қорқатын заман болды, – деп бөлісті ол.