Таразда полицейлер гауһар тастары бар әшекейлерді ұрлаған күдіктілерді жылдам тапты, деп хабарлайды kznews.kz.
Тараз қаласының тұрғыны Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың атына алғыс хат жолдап, пәтер ұрлығын жедел ашып, ұрланған зергерлік бұйымдарын қайтарып берген полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Жәбірленушінің айтуынша, оның пәтерінен 11 дана алтын әшекей бұйымы ұрланған. Олардың арасында гауһар тастары бар қымбат бағалы зергерлік заттар болған.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізіп, пәтер ұрлығын жасады деген күдіктінің жеке басын қысқа уақытта анықтаған. Күдіктінің Алматы қаласында жасырынып жүргені белгілі болған.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде күдікті ұсталып, ұрланған зергерлік бұйымдардың барлығы табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Жәбірленуші полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жылдам жұмыс істегеніне ерекше ризашылығын білдірді.
«Полиция қызметкерлерінің қаншалықты жедел әрі кәсіби әрекет еткеніне таңғалдым. Күдікті басқа қалада жүргеніне қарамастан, оны тез анықтап, барлық әшекейлерімді қайтарып берді. Атқарған еңбектері үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Тараз қаласының тұрғыны.
Алғыс хатында ол тергеуші Жақсылық Нұркеннің, жедел уәкіл Асхат Иманәлиевтің және Тараз қаласы полиция басқармасы Әулие-Ата аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асылбек Әбдірайымовтың кәсібилігін ерекше атап өткен.