Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші елдерден кешірім сұрады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Бола берсін көп мейлі..." елдегі ер мен әйел санының алшақтығы 4 пайызға жуықтады

"Бола берсін көп мейлі..." елдегі ер мен әйел санының алшақтығы 4 пайызға жуықтады
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Әдеттегі статистиканы 8 - наурыз мерекесіне орай әзіл-шыны аралас дерекпен бастасақ: бүгін елдегі ер-азаматтардың әрқайсысы қолына бір тал гүл алып, әрбір қазақстандық әйелге жеке ұсынса, қанша нәзік жанды сыйлықсыз қалар еді?

Мұны шамалап болсын анықтау үшін ашық дереккөздердегі цифрға жүгінейік. Осы сәтте, яғни, 2026 жылдың 8-наурызы күнгі автоматты санақ бойынша Қазақстандағы жан саны 20 525 532 адамды құрайды екен. Тізімдегі адамдарды жынысы бойынша жіктесек, 9 858 929 адамның еркек санатында, ал нәзік жандылардың нақты саны 10 666 604 адам болып шығады. Ал мұны жоғарыдағы сауалдың жауабын шығару үшін арифметикаға салсақ, 807 675 тал гүл иесін таппай қалар еді...

Әлбетте, бұл зілсіз әзіл ғана еді. Дегенмен, 8- наурыз мерекесі біз үшін тек гүл мен сыйлық емес, қоғамдағы гендерлік теңдік, отбасы құрылымы және демографиялық проблемаларды ой елегінен өткізетін мағыналы сәт болуы керек сияқты.

Әуелі, елдегі әйел мен еркек санының теңгеріміне ден қойсақ: бүгінгі статистика нәзік жандылардың ерлерге қарағандағы үлесі шамамен 3,9 пайызға көп екенін көрсетеді. Яғни, есеп бойынша ел тұрғындарының 48,05 пайызын еркектер, 51,95 пайызын әйелдер құрап отыр. Әлбетте, бұл цифрлардан қасаң статистикалық қағида қалыптаспауы керек.

Біріншіден, мұндай есептеулерде, әсіресе халық санағына қатысты сандық есептеулерде табиғи және техникалық өсім мен ауытқу үнемі болып тұрады. Екіншіден, мемлекеттің қалыптасуына тұрғындардың жыныстық үлесінің қатысы шамалы екен. Тек, тұрғындардың экономикалық белсенділігі маңызды. Мұның өзін түрліше тәпсірлеуге болады. Мәселен, БҰҰ деректеріне жүгінсек, орта даму жолындағы елдерде адами құндылықтардың негізгі көрсеткіші ретінде жыныстық азшылық теңгерімі, білім мен құқық теңдігі немесе жәй ғана социологиялық жіктеулер басымдыққа ие емес екен. Сол себептен де дамушы елдердің ұстанымында гендерлік саясат екінші орында тұрады-мыс. Әлбетте, жалпы әлемдік мысалдарға қарап қазіргі Қазақстандағы жағдайды адам төзгісіз етіп сипаттауға еш негіз жоқ. Керісінше, қазақ қоғамының әйел затына құрметі жоғары. Мемлекет тарапынан да әйел-ананы қолдау үрдісі толық жолға қойылған. Бұған тек құқықтық тұрғыдан қорғау шарасы емес, әлеуметтік бағыттағы түрлі бағдарламалар мысал бола алады. 

Жалпы, мемлекеттердің дамуына тұрғындардың жыныстық бөлінісінің тигізетін ықпалы аз дедік.Мұның да бірнеше факторын айтуға болады. Әуелгісі, сапа деңгейі. Статистика тұрғысынан адам санының тоқтаусыз өсіп отыруы мен нақты әлеуметтік-экономикалық сипаттағы өсімнің сапасы екі түрлі мәселе. Маңыздысы, саналы тұрмыс-тіршілік үшін адамның ақыл-ой мен білім, денсаулық сапасына қатысты талап пен құндылықтар екені даусыз. Екінші жағынан, дүниежүзіндегі адам санына шаққандағы тұтыну нарығының қалыптасуы мен өндірістік ілгерлеушілік теңгеріміне қатысты есептеулер тұр. Көп жағдайда мемлекеттер үшін осы бағыт басымдыққа ие екен. Яғни, адамзат үшін бәрібір ас ішіп, аяқ босату қаншалықты маңызды болса, саяси жүйелер үшін еңбек өндірісі бірінші кезекке шығады. Әлбетте, ізгілік пен теңдік туралы ұғым бұлардан да маңызды. Ал оның қалыптасуы адамзат ұғымындағы адами құндылықтар туралы түсінікте болса керек. 

Жә, Қазақстандағы жағдайға оралайық. Дерекке қарасақ, елдегі халықтың үштен бірі бөлігін балалар құрайды екен. Яғни, шамамен 6,2 млн бала ата-анаға алақан жайып отыр. Сондай-ақ, зейнет жасындағы халықтың үлесі шамамен 1,5 млн адамға жуық. Бұл жалпы тұрғындардың 8 пайызына дейін жетеді.

Ал еңбекке қабілетті халықтың үлесі 62–63 пайыз шамасында. Демек, еліміздегі экономикалық мүмкіндік барлық адамға тең дәрежеде жетпейтіні аян. Бұл, біз мысалға алған БҰҰ есептеулерінде айтылғандай, дамушы елдердегі гендерлік саясаттың ұстанымына ықпал ететін факторлардан Қазақстан да қашып құтыла алмайтынын білдіреді.Яғни, елде әйел мен еркектің гендерлік теңдігі салтанат құрды деуге ерте. Мұны да бірнеше бағыттағы мысалдармен түсіндіре кетейік. Мәселен, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына қатысты алшақтық та гендерлік теңсіздікке жатады екен. Статистикаға салсақ, қазір елдегі әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 75–77 жыл деп есептеледі. Ал ерлер 67–69 жыл ғана өмір сүреді-мыс. Бұдан жасы ұлғайған адамдардың арасында әйелдердің басым екенін байқаймыз. Мұның арғы жағында тек биологиялық немесе медициналық себептер тұрған жоқ. Еркектің ерте кетуіне әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторлардың жиынтығы әсер етеді екен. Оның ішінде қауіпті өндіріс, жол апаттары, өмір салтының қатерлі сипаты сияқты мысалдар бар. Ал әйелдердің еңбек нарығы мен саяси құрылымдағы мүмкіндігінің түрлі себептермен шектеулі болуы немесе мамандық таңдау мен биологиялық ерекшеліктерге тән шешім нәзік жандылардың өміріне төнетін қауіпті азайтады екен.

Бір қарағанда, еңбек нарығындағы бөлініске сәйкес туындайтын өңірлік айырмашылықтар демографиялық теңсіздіктің де картинасын қалыптастырады екен. Мысалы, талдаулар мұнайлы аймақтарда, әсіресе Атырау облысы мен Маңғыстау облысында әйелдерге қарағанда ерлердің саны басым екенін көрсеткен.

Ал керісінше, еліміздің солтүстігігдегі облыстарда нәзік жандылардың үлесі артқан. Сондай-ақ, Алматы мен Астана қалаларында әйелдер саны ерлерден көп дейді. 

Дәл осы деректер елдегі экономикалық құрылым бағытында әйелдерге арналған еңбек нарығының қай өңірде белсенді қалыптасқанын да айғақтайды. Яғни, сауда-саттық пен жеңіл өнеркәсіптің жандануы еңбек нарығындағы сұранысты реттеп, нәзік жандылардың мүмкіндігіне сай жұмыс орындарын құрады сөздің жаны бар. Бұған педагогикалық мамандық иелері мен мемлекеттік қызметшілер, құқық, әскери сала мамандарын да қосуға болады. 

Тіпті, кейбір мысалдардан ішкі миграция үдерісіне әйелдердің таңдауы көбірек ықпал ететінін байқауға болады. Яғни, еркектерге қарағанда саны басымдау болып отырған нәзік жандылардың жайлы тұрмыс пен тұрақты еңбекке деген сұранысы ішкі көші-қонға да әсер етеді-мыс. Бұл жағдайда қалалық мәдениетке ұмтылу көбіне әйелдерге тән болып шығады. Ал ауылдық жерлерде еркектердің көбеюі, тіпті бойдақтардың саны артуы қалыпты көрініске айналып отыр.

Әлбетте, қала жағалаған әйелдерге оңай емес. Олар жұмыс нарығында тең мүмкіндікті іздеп, үйде отбасының жауапкершілігін арқалап жүр. Мысалы, медициналық сараптамалар әйелдердің күйзеліске жиі түсуін жұмыстағы және үйдегі міндетінің үйлеспеуімен байланыстырады. Әсіресе, көпбалалы немесе экономикалық тұрғыдан әлсіз отбасыларда әйелдерге артылатын жүктеме екі есе екен.

Жалпы, бұл мысалдарды тағы да гендерлік саясаттағы теңдік ұстанымына деген әртүрлі көзқараспен байланыстыруға болады. Екіншіден, мұндай мысалдар елдегі феминистік көзқарасты да қалыптастыратыны анық. Тіпті, қазақ қоғамындағы феминизм аталған мәселелерді шешуге бағытталса да, әлі де жалпыұлттық тұрғыдан нақты қолдауға жете алмай отыр. Жалпы, феминизмнің рөлі әйелдердің саяси және экономикалық дамуға қатысуын арттыруды қалап, қоғамдағы дәстүрлі ролдерді қайта қарастыруға тырысқанымен, дәл қазіргі қазақстандық даму моделі оған мүмкіндік берер емес. Оның үстіне, әлі де іргесі сөгілмеген ұлттық түсінік ерлер мен әйелдер арасындағы отбасы мен еңбекке қатысты тең жауапкершілігін талап етеді деуге болады. 

Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстанға тән өмір картинасына қарасақ, ер мен әйел қауымы экономикалық, әлеуметтік даму аясында тоғысып, тату тұрмыс-тіршілік кешіп отырғанын көреміз. Әлбетте, мұқым ел жағдайында жекелеген жағымсыз мысалдар болуы заңды. Бірақ, тұтастай алғанда біз қазақ ақындары жырлағандай, "ер-азамат болғанмен жер кіндігі, әйелдерден басталады ел бірлігі" деген аксиомаға әбден лайықпыз!

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.