Оның айтуынша, 1993 жылы айналымға енгізілген кезде теңге 1 долларға шаққанда 4,75 болған. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 460,48 теңгеге жетіп, ұлттық валюта 99 есе әлсіреген.
«30 жылда теңге нығаюдың орнына керісінше құнсызданып отыр. Экспорт көлемі импорттан 30-40 пайызға жоғары болса да, ұлттық валютаның нығая алмауы — экономикалық жүйеміздегі олқылықтардың белгісі», — деді экономист.
2022 жылы Қазақстанның экспорты 85 млрд долларды, ал импорты 51 млрд долларды құраған. Байназардың айтуынша, мұндай жағдайда теңге бағамы күшеюі керек еді. Алайда, оның орнына ұлттық валюта құлдырай түскен. Бұған себеп ретінде ол валюталық биржадағы спекулятивті әрекеттерді атады.
«Бай азаматтар мен ірі компаниялар осы алаңда пайда табуға жұмыс істейді. Ал олардың әрекеті мемлекет мүддесіне бағытталмаған. Ұлттық банк те сол жүйенің ішінде отыр», – дейді Байназар.
Сарапшының айтуынша, экспорттан түскен табыс Қазақстанға толық оралмайды. Экспорттың шамамен 70%-ын мұнай мен газ секілді минералды ресурстар құрайды. Ал олардың иелері — шетелдік компаниялар. Сондықтан олар кірістерін Қазақстанда емес, шетелде сақтайды. Нәтижесінде, шетелдік инвесторлар Қазақстаннан тапқан табысының 10-12 пайызын ғана салық ретінде төлеп, қалған 80-90 пайызын елден шығарып әкетеді.
«Сөйтіп, елімізден жыл сайын бірнеше есеге артық қаржы сыртқа кетіп жатыр. Бұған жол бермеуіміз керек», – деп түйіндеді Ғалым Байназар.