Ауруханаларға - 450 млрд теңге: ем-домға төлеген ақшаның астарында не жатыр?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Мас күйінде көлік жүргізгендерге берілетін жаза жеңілдей ме?

Мас күйінде көлік жүргізгендерге берілетін жаза жеңілдей ме?
Фото Depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин әкімшілік рақымшылық аясында мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға қатысты жазаны жеңілдетуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.

Әкімшілік рақымшылық мәселесін талқылау барысында депутат Парламентке азаматтардан осы санаттағы құқық бұзушылық үшін белгіленген жазаны қайта қарау жөнінде көптеген өтініштер түсіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, депутаттар бұған дейін де Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру нормасын қайта қарау туралы ұсыныстар жолдаған.

«Қоғамда да, Парламент қабырғасында да бұл мәселе бойынша пікірталас көп. Бұл бапты жеңілдетуді қолдайтындар да, қарсы шығатындар да бар. Мен толық рақымшылық жасауды ұсынып отырған жоқпын. Бірақ кем дегенде жазаны азайтуға болады. Мысалы, жазаның жартысынан көбін өтеген азаматтар үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін төрт жылға дейін қысқарту мүмкіндігін қарастыру керек», – деді депутат.

Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ұсынысты қолдамайды. Министрдің орынбасары Санжар Әділов ведомствоның ұстанымы өзгермегенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, алкоголь немесе есірткі әсерінде көлік басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді және ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып саналады.

«Биылғы жылдың бес айында мас жүргізушілердің кінәсінен 144 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 212 адам жарақат алды. Ал өткен жылы 673 жол апаты болып, 56 адам көз жұмды, олардың арасында бір бала бар», – деді Әділов.

Депутат бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Оның пікірінше, көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айыру жазасы шамадан тыс қатаң саналады.

Арсютиннің айтуынша, қолданыстағы норма құқық бұзушылықтың нақты жағдайларын, жол апатының болмауын немесе қандағы алкоголь мөлшерінің төмен деңгейін ескермейді. Сондықтан ол жазаны саралап қолдану тетіктерін қарастыру қажет деп есептейді.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі