Белгілі журналист Дана Нұржігіт «Қазақ радиосының Ақбаяны» атанған белгілі диктор, ұстаз Сауық Жақанованың емге ақша таппай қиналып жүргенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Дана Нұржігіт Сауық Жақановаға көмектесуге қолынан келмегенін, сол үшін қатты қысылғанын жеткізді.
«Былтыр 80 жасқа толған Сауық Жақанова апайымыз екі құлағын радиоға беріп, аппаратпен жүр. Бар өтінгені: ауруханаға тіркелсем, емделуге қыруар ақша керек деп шет жағасын айтты. Әрі-бері жүгіріп едім, қолымнан келмеді. Жерге кіріп кете жаздадым. Қайтейін!» деп жазды журналист.
Дана Нұржігіт диктордың былтыр Ақордада «Парасат» орденін алып тұрып, президенттің «суретке түсейік» деген сөзін естімей кетіп қалған сәті таспаланған видеоны бөлісіп, радио ардагерінің екі құлағы естуден қалғанын айтты.
«Cауық апай екі құлағын радиоға беріп, бүгінде түк естімейді, аппаратсыз жүре алмайды. Қарағандыда, туған жерінде былтыр жеке шығармашылық кеші өтті. Мен сол ортаға арнайы бардым. Қолына ұстаған микрофоны құлағындағы аппаратпен жақындап кеткен сайын құрылғы шыңылдап кете берген соң апай аппаратты шешіп отыруға мәжбүр болды. Құлағы тас керең адамның жайы белгілі ғой, Сауық апай аңтарылған күйі, сахнаға көтеріліп өзіне тілек айтқан адамдарды бірін ернінен, бірін ишаратынан түсініп, бір жерде күліп, бір жерде дауысын көтеріңкіреп шама-шарқынша сахна мәдениетін сақтап отырды. Кеш соңына дейін. Жүрегім ауырды әлгіні көріп. Апайдың мәдениеттілігіне, ұстамдылығына таңдандым. Міне мектеп, міне мәдениет деген!», - дейді ол.
Журналистің айтуынша, Жақанова ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталіне тегін қарала алмаған.
«Алматыдағы Совмин ауруханасына тегін қаралуға президент қолынан алған «Парасат» орденінің қауқары да жетпепті», - деп өкініш білдірді Дана Нұржігіт.
Тележүргізуші ұстаздың азғантай зейнетақысын жеткізіп, ақылы түрде емделіп жүргенін жеткізіп, елге сіңірген еңбегінің қайтарымы болуы тиіс шақта құрметті ардагерлерімізге қамқорлық көрсетілуі тиіс екенін айтты.
«Оларды қаржылай қолдайтын қор ашу керек пе, кәсіподақтардың осындай жағдайдағы әрекетіне, Совмин сияқты ауруханалардың Жарғысына өзгеріс енгізу керек пе?! Осыны ойлайтын кез келген сияқты», – деп журналист қолында билігі барларға қайырылды.
Желі қолданушылары Дана Нұржігіттің сөзін қолдап, мұндай тұлғаларға мемлекет тарапынан жеңілдік болуы керегін жазып жатыр.
“Саналы ғұмырын ел мәдениетіне арнаған Сауық апайлардай жандарға мемлекет тарапынан қамқорлық болуы керек. Еш пайдасыз жиындар мен оңды-солды тарататын атақтарға шектеу болуы керек сияқты. Сайып келгенде, оның бәрі қаражат қой”, “Осындай адамдарымызға көмек көрсететіндей бюджеттен қор ашып қойса”, “Енді апамызға көмектесер бір мәрт кәсіпкер шықса” дейжі желідегі жұрт.
Айта кетейік, былтыр Дана Нұржігіт Сауық Жақановаға «Халық әртісі» атағын беруді ұсынған.
«Халық әртісі дегенде менің айтар назым бар. Биыл Қазақ радиосының Сандуғашы –Сауық Жақанова 80 жасқа толды. Алдына барып дәріс алмасам да,өзімді апайдың шәкіртімін деп есептеймін. Интернатта жатып оқыған мен төсегімді қабырғаның жанында тұрса екен дейтінмін. Өйткені ол жерде ілулі тұратын радионы таңертең кешке жоғарыдағы шегесінен алып,құлағыма басып, жастанып тыңдаушы едім. Апайдың үні менің дауысымды қойды,үнімді түзеді,қоңыр әуезге тәрбиеледі, тіл ұстартты. Дәл осылай апайды ұстаз тұтатындар көп. Өте көп», - деді тележүргізуші.
Журналистің айтуынша, радио ардагері қандай құрметке де лайық.
«Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті, 80 сеңгіріне шыққан Сауық Жақанованың ұстаз жолымен Халық артисі атанғаны өте орынды, заңды болар еді деп ойлаймын!», - деді Дана Нұржігіт.
Сауық Жақанова 1945 жылы 1945 жылы 11 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Еркіндік ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.
1966-2002 жылдары Қазақ радиосында диктор, 1998-2000-жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері болды. 2000-2013 жылдары Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінде оқытушылық етті. Ұстаз жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) жинақтарының авторы.
Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» әдеби-сазды хабарлардың 80 пайызы Сауық Жақанованың даусымен жазылған. Оның үні – тұтас бір дәуірдің жаңғырығы. Ол тек эфирден мәтінді оқып қана қойған жоқ, ұлттың үнін жеткізді. Сөз байлығын, тіл мәдениетінің ең биік үлгісін көрсетті. Ал, Әнуарбек Байжанбаевтың өзі «Эфирдің Ақбаяны» деп бағалауы – осының дәлелі еді.