Көкшетауда белсенді Марат Жанұзақов полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғанын оның қызы Айман Жанұзақова әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Айтуынша, белсенді Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапарына қарсылық білдіріп, Facebook парақшасында «Путин, Қазақстаннан кет!» деген жазуы бар плакатпен түскен суретін жариялаған.
Марат Жанұзақов 27 мамыр күні полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бірнеше сағаттан кейін босатылған. Белсендінің сөзінше, оны Ресей басшысының сапары қарсаңында жариялаған жазбасына байланысты ұстаған.
«Мені төрт кісі аңдып жүрген екен. Солар алып кетті. Полиция бөлімінде екі-үш сағаттай отырдым. “Неге плакат жаздыңыз?”, “Не үшін шықтыңыз?” деген сұрақтар қойды. “Суретті кім түсірді?” деп те сұрады. Кейін түнгі он жарым шамасында босатты», – деді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2024 жылы да Марат Жанұзақов Владимир Путиннің Қазақстанға сапарына қарсы пікір білдіргені үшін «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапкершілікке тартылған болатын.