Алматы облысында Привольное мен Жалғамыс ауылдарының арасындағы тасжолдың жағдайы тұрғындардың наразылығын туғызып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, жолдағы терең шұңқырлардың кесірінен бір отбасының көлігі басқарудан шығып, жол апатына ұшыраған. Салдарынан жолаушылар, соның ішінде балалар да түрлі жарақат алған.
Жергілікті халық бұл мәселені E-Өтініш жүйесі арқылы бірнеше рет көтергенімен, әзірге нақты нәтиже жоқ. Ауыл тұрғындары аталған жолдың Жалғамыс бағытына апаратынын және құс фабрикасы маңынан өтетінін айтады.
Олардың сөзінше, жолдың жағдайы ұзақ жылдан бері нашар күйде қалып отыр. Жүргізушілер жиі дөңгелегі жарылып, көліктері істен шығып жол жиегінде қалуға мәжбүр болады. Тұрғындар жағдай дер кезінде шешілмесе, алдағы уақытта ауыр апаттардың қайталануынан қауіптенеді.
Осы жағдайдан кейін Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қайда қарап отыр деген сұрақ туындайды. Жоғарыда отбасы мүшелері жарақаттанса да, аман қалған. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" демекші алда-жалда адам өлімі болса, оған кім жауап бермек. Сондықтан, халықтың талабы орынды деп білеміз.