Қазақстанда мұғалімдерге гүл алуға және мектеп бітіру кештеріне жиналатын қаражаттың шекті мөлшері енгізіледі
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Гендерлік теңсіздік пен қаржы сауатсыздығы: зейнетақы нарығындағы жағдай нені білдіреді?

Гендерлік теңсіздік пен қаржы сауатсыздығы: зейнетақы нарығындағы жағдай нені білдіреді?
Фото: ашық дереккөздерден

Еліміздің зейнетақы жүйесі жаңа кезеңге өте бастаған сияқты. Яғни, салымшылар арасында қаржылық сауат деңгейі артып, жинақ ақшаға деген түсінік түбегейлі өзгерген-мыс.

Мысалы, бұрын азаматтардың негізгі міндеті міндетті жарналарды аударып отыру ғана болса, енді жүйе біртіндеп инвестициялық таңдау моделіне көшіп келеді екен. Яғни, салымшылар енді тек ақша ғана жинамай, сонымен қатар оны кім басқаратынын, қандай табыс әкелетінін және қандай тәуекел барын да ескеріп, саралауға кіріскен. Бұл өзгеріс, әсіресе, инвестициялық портфельді басқарушылар сегментінде анық байқалған.

Сондай-ақ, БЖЗҚ жүйесінің ішінде әйелдер мен ерлер арасындағы жалпы теңгерім салыстырмалы түрде сақталғанымен, жеке басқарушы компанияларға жинағын аударған салымшылар арасында ер азаматтардың үлесі айтарлықтай жоғары болып отыр. Биылғы сәуір айының деректері Қазақстанда инвестициялық белсенділік гендерлік тұрғыдан біркелкі қалыптаспағанын көрсетті. Яғни, салымшыларының ішінде әйелдердің үлесі небәрі 35,7–41,2 пайыз аралығында болды. Бұл рта есеппен 38,8 пайызды құрайды. Демек, инвестициялық басқаруға берілген әрбір он зейнетақы шотының шамамен алтауы ер адамдарға тиесілі.

Мұнан бөлек, актив көлеміндегі айырмашылық та назар аударарлықтай. Мәселен, Halyk Finance компаниясында ер азаматтардың басқаруға берген зейнетақы активтері 35,4 млрд теңгеге жеткен. Ал әйелдердің активтері 24,2 млрд теңгені құрады. Екінші орында тұрған BCC Invest компаниясында да ұқсас көрініс байқалады. Мұндағы ерлердің салымы 7,9 млрд теңге болса, әйелдер үлесі 5,7 млрд теңге көлемінде болған. Жалпы алғанда, әйелдердің жеке басқару жүйесіне берілген зейнетақы активтеріндегі үлесі 40 пайыздан төмен қалып отыр.

Әлбетте, бұл жай ғана статистика емес. Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек зейнетақы нарығындағы айырмашылықта емес. Яғни, Қазақстандағы инвестициялық мәдениеттің қалай қалыптасып жатқанын көрсететін индикатор.

Экономистер мұндай айырмашылықтың бірнеше себебін атайды. Біріншіден, әйелдер мен ерлердің табыс деңгейі бірдей емес. Екіншіден, әйелдердің еңбек жолында үзілістер жиі кездеседі. Мысалы, бала күтімі, отбасы міндеттері, еңбек нарығынан уақытша шығу секілді факторлар жинақ көлеміне тікелей әсер етеді екен. Үшіншіден, қаржы құралдарына қатысу деңгейі де әртүрлі. Ер азаматтар инвестициялық шешімдерді жиірек қабылдап, тәуекелге бейім келеді. Ал әйелдер арасында консервативті қаржылық модель басымырақ болуы мүмкін.

Тоқетерін айтқанда, Қазақстанның зейнетақы жүйесі жаңа әлеуметтік бөлініс кезеңіне қадам басты. Бұл жерде екі тараптан белсенділік байқалады. Бір тарап инвестициялық құралдарды пайдаланып, жинағын көбейтуге тырысатындар болса, екінші тарап бұрынғыдай тек міндетті жинақпен шектелетіндерден тұрады екен.

Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта зейнетақы жинақтарының табыстылығы азаматтардың қаржылық сауатына, инвестициялық белсенділігіне және тәуекелді шешім қабылдау қабілетіне тәуелді болуы мүмкін. Статистика қазірдің өзінде ел тұрғындарының инвестициялық таңдау мүмкіндігін бәрі бірдей пайдаланып отырмағанын көрсетеді. Ал зейнетақы жүйесі нарықтық элементтерге көбірек сүйенген сайын, бұл айырмашылық одан әрі тереңдеуі ықтимал.

Қысқасы, қамсыз қарттықтың жағдайын ерте бастан ойлауға көшкен жөн шығар...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.