Денсаулық – адам баласының баға жетпес байлығы десек те, бүгін де сол байлықты сақтаудың жолы екі арнаға айырылғандай әсер қалдырады. Бір жағында – мемлекет қаржыландыратын ауруханалар, екінші жағында – заманауи жабдықпен жарақтанған жекеменшік клиникалар. Қарапайым халық үшін бұл бәсеке сияқты көрінгенімен, "жүйрік атқа қамшы керек емес" дегендей, кімнің мүмкіндігі бар сол сапалы қызметке тезірек қол жеткізеді. Ал қалтасы жұқалар кезек күтіп, «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дегеннің керін кешіп жатады, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы соңғы жылдары артқанымен, сарапшылар оның жеткіліксіз екенін алға тартады. 2023–2024 жылдары бұл салаға ЖІӨ-нің шамамен 3–4%-ы көлемінде қаражат бағытталды, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тиімді жүйе үшін кемінде 5–6% қажет екенін айтады. Демек "көрпеңе қарай көсіл" десек те, көрпе қысқа болғанда аяқ жаурайтыны анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет жекеменшік секторды жүйеге тартты, МӘМС арқылы жеке клиникалар да мемлекеттік тапсырыс алып, халыққа қызмет көрсете бастады. Алайда "екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды" дегендей, "бұл жерде нағыз бәсеке ме, әлде мүмкіндігі бар мен шектеулінің арасы алшақтай түсті ме?" деген заңды сұрақ туындайды.
Экономист Расул Рысмамбетов денсаулық сақтау саласындағы жеке сектордың үлесі артқан сайын бәсеке сапасы жақсаратынына сенеді. Оның пікірінше, мемлекет ауыр шоқпарды белге байлап, бәрін өзі істейін десе, бюджетке салмақ түседі. Дегенмен денсаулық сақтау сарапшысы Данияр Әшімбаев керісінше, жүйеде қаржы тең бөлінбесе, жекеменшік клиникалар "қаймағын қалқып" алып, күрделі әрі шығыны көп науқастар мемлекеттік ауруханаларға қалатынын алға тартады. Мұндай жағдайда мемлекеттік медицинаның жағдайы одан әрі қиындай түспек.
Шындыққа тура қарасақ, ірі қалаларда жекеменшік клиникалар саны жыл сайын көбейіп келеді, ал ауылдық жерде дәрігер тапшылығы әлі де өзекті. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, кей өңірлерде маман жетіспеушілігі 20%-дан асады. Бұл “бар байлық бір жерде, жоқшылық бір жерденің” кері болып тұр. Себебі шалғай ауылда қарапайым терапевт табу мұңға айналды.
Мәселенің екінші қыры мынада, науқасқа ресми түрде МӘМС аясында көптеген қызмет тегін көрсетілуі тиіс. Алайда бейресми төлемдер мен қосымша ақылы талдаулар халықтың қалтасына салмақ салатыны жасырын емес. Тегіннің жөні бөлек дегенмен, шын мәнінде тегін қызметтің өзі жүйелік қаржыландыруға тәуелді, ал қаржы жетпеген жерде сапа да ақсайды, кезек те көбейеді.
Мәселені біржақты қаралауға болмайды, “бір қолмен шапалақ соғылмайды”, жекеменшік сектор инвестиция тартып, жаңа технология әкеліп, дәрігерлердің еңбекақысын арттырып отыр. Бұл өз кезегінде мамандардың елде қалуына ықпал етеді, ал мемлекет негізгі инфрақұрылымды ұстап, әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алып отыр. Осындай қорытындыдан кейін қайсысы жақсы немесе жаман дегенде емес, тепе-теңдікті сақтай білуде жатыр.
Денсаулық сақтау – бос шығын емес, елдің ертеңіне салынған инвестиция. Өйткені дені сау ұлт қана еңбек етіп, экономиканы алға жетелей алады. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, алдын алу шараларына, алғашқы медициналық көмекке және өңірлер арасындағы теңдікке мән берілмесе, жекеменшік пен мемлекеттік медицина арасындағы айырмашылық тереңдей береді. Ал айырмашылық күшейген сайын халықтың сенімі азаяды, сенім азайса, жүйенің өзі әлсірейді. Сондықтан мәселе бұл екі сектордың серіктес яки бәсекелес екенін бақылауда емес. Ең бастысы осының ортасында қарапайым азамат зардап шекпеуі тиіс.