Әнші Меруерт Түсіпбаева марқұм досы Сәуленің бейітіне барып, әлеуметтік желіде оған арнаған әсерлі жазбасын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі көптен бері бейіт басына бара алмай жүргенін айтып, қабір тасындағы досының суретін көрген сәтте эмоциясын ұстай алмағанын жеткізді.
"Машинадан түсе сала меңірейген қара тастағы күлімдеген жүзіңді көріп, көзімнен жас парлап, "Сәуле!" деп тірі адамды шақырғандай өксіп шыққан дауысымның дірілін біраз уақыт баса алмадым", – деп жазды әнші.
Меруерт Түсіпбаева марқұммен аз уақыт араласса да, ол туралы жылы естеліктері көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сәуле әншінің өзі мен жақындары емделуге барған кезде көмегін аямаған.
"Анам, балам, өзім емделуге клиникаға барсақ, ақша алмай әлек қылатынсың. Екеуіміз кассаның жанында біраз дауласатынбыз", – деп еске алды ол.
Әнші қиын кездерде Сәуленің үнемі қолдау көрсетіп, әлеуметтік желідегі пікірталастарда да өзін жақтап отырғанын айтты. Меруерт Түсіпбаева жазбасын марқұм досына деген сағынышпен аяқтады.
"Енді сен жоқсың. Жай ғана бір төмпешік... Жаның жай тапсын, адал досым", – деп жазды өнер иесі.