Jah Khalib, құлыптаулы телефондар және жабық афтерпати: Назарбаев Астанада ұлын үйлендірді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Таяу Шығыс және мұнай нарығы: хуситтер шабуылы Қазақстанға әсер ете ме?

Таяу Шығыс және мұнай нарығы: хуситтер шабуылы Қазақстанға әсер ете ме?
Фото: Depositphotos.сom

Таяу Шығыстың тыныштығы тағы бұзылды. Қазір жағдайдың жаңа кезеңге өтуі, әсіресе мұнай нарығын қайтадан геосаяси тәуекелге әкелді. Атап айтқанда, Йемендегі хуситтердің Сауд Арабиясына шабуылы және олардың Қызыл теңіздегі стратегиялық аумақтарды бақылауына алуы әлемдегі маңызды мұнай тасымалы бағыттарының біріне қауіп төндіріп отыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, бүгінгі саудадағы Brent бағасы 3 пайыздан астам өсіп, барреліне 107,81 долларға жеткен. Мұның себебі бар.  Өткен аптада қақтығыстың негізгі ошақтарының бірі Араб түбегінің оңтүстігіне ауысты. Йемендегі хуситтер шабуылды күшейтіп, бірқатар стратегиялық аралдарды бақылауына алған. Бұл олардың Баб-эль-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасына қауіп төндіру мүмкіндігін арттырады.

Ал Баб-эль-Мандеб бұғазы әлемдік теңіз саудасы үшін маңызды бағыттардың бірі саналады. Reuters келтірген бағалауға сәйкес, бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай тасымалының шамамен 8 пайызы өтеді. Сондықтан бұғаздағы жағдайдың нашарлауы мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдерді күшейтіп, бағаның одан әрі өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты сарапшылар Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал тұрақталмайынша, нарықтағы көмірсутек бағасының айтарлықтай арзандауы әзірге екіталай деп отыр.

Сонда дүниені алаңдатып отырған хуситтер кімдер? Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, хуситтер Йеменнің солтүстігінде қалыптасқан қарулы-саяси қозғалыс. Олар 2014 жылы Йемен астанасы Санааны басып алып, елдің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметін оңтүстікке ығыстырған. Бұдан кейін Йеменде ұзақ азаматтық соғыс басталып, 2015 жылы Сауд Арабиясы бастаған коалиция хуситтерге қарсы әскери операция жүргізді. Қазір хуситтердің зымырандар мен ұшқышсыз аппараттарды қолдану мүмкіндігі бар. Олар бұған дейін де Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнай нысандарына және инфрақұрылымына соққы берген.

Екіншіден, хуситтер Иранмен одақтас күш ретінде қарастырылады. Алайда, Тегеран олардың әрбір әскери әрекетіне тікелей бұйрық береді дегенді жоққа шығарады. Қазіргі шиеленістің басты ерекшелігі хуситтердің Йеменнің Қызыл теңіз жағалауындағы позицияларын оңтүстікке қарай кеңейтіп, әлемдік теңіз саудасы үшін аса маңызды Баб-эль-Мандеб бұғазына жақындауы болып отыр.

Соңғы күндері олар Моха портын, Дхубаб қаласын және Баб-эль-Мандебтің ортасында орналасқан Перим аралын бақылауына алғаны туралы хабарланды. Бұл хуситтерге теңіздегі кемелер қозғалысына қысым жасау мүмкіндігін едәуір арттырады.

Осы жерде "Хуситтердің ұстанымы неліктен бұл мұнай бағасына әсер етеді?" деген сауал туады. Reuters агенттігінің дерегінше, хуситтердің қолына өткен Баб-эль-Мандеб аумағы Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын стратегиялық теңіз қақпасы екен. Ол арқылы Азия, Таяу Шығыс және Еуропа арасындағы мұнай мен басқа да тауарлар тасымалданады. Сондықтан мәселе хуситтердің қанша мұнай өндіретінінде емес, олардың мұнай тасымалданатын теңіз жолына қауіп төндіруінде болып отыр.

Қазірдің өзінде нарық осы тәуекелді бағаға қоса бастады. Reuters мәліметінше, хуситтердің ілгерілеуі мен Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Бұған қоса, Сауд Арабиясының Шығыс-Батыс мұнай құбырына жасалған шабуыл оның жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Бұл құбыр жаһандық мұнай жеткізілімінің шамамен 4-5 пайызына балама бағыт ретінде маңызды.

Яғни, нарықтағы негізгі қауіп мұнай өндірісінің физикалық қысқаруынан бұрын оны тасымалдаудың қиындауына қатысты туындауда. Танкерлер маршрутты өзгертуге, ұзақ жол жүруге немесе жоғары сақтандыру шығындарын төлеуге мәжбүр болса, бұл мұнайдың соңғы бағасын көтереді.

Айтпақшы, мұнай нарығындағы кезекті дағдарыстың Қазақстанға әсері бар ма? Сарапшылар бұл жерде еліміз үшін бірінші әрі ең айқын әсер мұнай бағасының өсуіне қатысты екенін айтады. Өйткені, Қазақстан ірі мұнай экспорттаушы мемлекет қатарынакіреді. Сондықтан, Brent бағасының жоғары болуы, басқа жағдайлар өзгермесе, экспорттық түсімнің және бюджетке түсетін кірістің өсуіне мүмкіндік береді. Яғни, мұнай бағасы жоғарылаған сайын Қазақстанның төлем балансына да қолдау күшейеді. 

Екінші әсер теңге бағамына қатысты болуы мүмкін. Мұнай экспортынан түсетін валюталық түсімнің артуы теңгеге қолдау көрсетуге тиіс. Бірақ, бұл автоматты түрде теңге міндетті түрде нығаяды деген сөз емес, өйткені, валюта бағамына рубльдің қозғалысы, ішкі импорт, Ұлттық қор операциялары және әлемдік доллар бағамы сияқты басқа факторлар да ықпал етеді.

Үшіншіден, жоғары мұнай бағасы Қазақстанның мұнай өндіру саласына инвестициялық тартымдылықты арттыруы ықтимал. Мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы барреліне 100 доллардан жоғары болуы ірі жобалардың экономикасын жақсартады.

Бірақ, бұл үрдістің кері әсері де бар екен. Мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасы үшін толықтай жақсы жаңалық емес. Себебі, әлемдік энергия бағасы қымбаттаған сайын тасымал, жанармай, өндіріс және логистика шығындары да жоғарылауы мүмкін. Әсіресе, қақтығыс ұзаққа созылып, Қызыл теңіздегі теңіз тасымалы шектелсе, Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық маршруттар қайта құрылуы ықтимал. Танкерлер мен контейнер кемелерінің ұзақ айналма бағыттарға шығуы тасымал құнын арттырады. Reuters қазірдің өзінде мұнай танкерлерінің тарифтері рекордтық деңгейге көтеріліп, жанармай тапшылығы байқала бастағанын хабарлады. Бұл Қазақстанға импортталатын тауарлардың өзіндік құны арқылы әсер етуі мүмкін. Яғни, мұнайдан қосымша кіріс түссе де, сыртқы инфляциялық қысым күшейеді-мыс.

Қорыта айтқанда, Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты Баб-эль-Мандеб арқылы өтпейді. Біздегі мұнай экспортының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы Новороссийск бағытына шығады. Сондықтан хуситтердің Баб-эль-Мандебке бақылауды күшейтуі Қазақстан мұнайының физикалық экспортын тікелей тоқтататын фактор емес.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.