Отандық автонарықта қызық тенденция қалыптасуда. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары көлік саудасының күрт төмендегенін және автодиллерлердің бағаны мейлінше арзандатқанын жарыса жазып жатыр.
Әлбетте, көлік саудасындағы жағдай тұрақты емес. Сату салондары тиімді шарттар мен жаппай жеңілдіктер ұсынуды бастады. Бұған дейін екінші нарықтағы сауда-саттық баяулап, мінілген көліктердің өтімділігі күрт төмендесе, ендігі зауыттан енді шыққан сужаңа көліктерге жеткен сияқты.
Ел ішіндегі болжамға сәйкес, бағаның бұлайша ауытқуына Қазақстанға Қытай автоөндірісінің жаппай енуі әсер етіп жатыр-мыс. Алайда, дәл қазіргі сәттегі көрші ел көліктерінің сату құнына көз жүгіртсек, қытайлық "көктемірдің" сату бағасы тіпті де арзан емес. Әсіресе, премиум санатты машиналардың құны Жапония немесе еуропалық бренд автомобильдердің бағасынмен шамалас. Демек, отандық нарықтағы баға құлдырауына Қытайда жасалған көліктердің шектеусіз енуі басты себеп болып отыр деп кесу айтуға келмейді. Демек, мәселе басқада...
Әрине, байбалам салуға болмайды, бірақ, автонарықты шайқалтқан жағдай тікелей экономикалық себептерге байланысты болуы мүмкін.
Мәселен, Қазақстанның Қаржыгелер қауымдастығы қызық деректерді жария етті. Сарапшылар елдегі автонесиелеу баяулап барады деген тұжырым жасайды. Орталықтың дерегінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында автонесиеге сұраныс 11 пайызға қысқарып, берілген несие көлемі 17,7 пайызға төмендеген. Жалпы сомасы 397,7 млрд теңгені құраған.
Сарапшылар бұл үрдісті бірнеше фактормен түсіндіреді. Біріншіден, пайыздық мөлшерлемелердің айтарлықтай қымбаттауы әсер еткен. Мысалы, автонесие ставкасының 14,8 пайыздан 24,3 пайызға дейін көтерілуі көптеген азаматтар үшін көлікті кредитке алуды кейінге қалдыруға себеп болып отыр-мыс. Екіншіден, тұрғындардың табысы мен төлем қабілетінің төмендігі де автонесиелеуге кедергі келтіреді екен. Ал көлікті, оның ішінде жаңа машинаны қолма-қол ақшаға сатып алушылардың үлесін саусақпен санауға болады екен.
Айтпақшы, автодиллерлер қазір "ескісін өткізіп, жаңасын ал" ұстанымына мықтап жабысқан сияқты. Өйткені, Trade-in тәсілінің тиімділігі анық байқалады. Яғни, ескі көлікті автосалонға өткізіп, оның құнын жаңа немесе басқа көлік сатып алу кезінде бастапқы жарна ретінде есептету тәсіліне жүгінушілердің қатары өскен. Дәл осы трейд-ин бағдарламаларының кеңеюі автонесие нарығының өсуіне ықпал еткен факторлардың бірі болып отыр.
Сарапшылар автонесие портфелінің жалпы өсімінің өсім көрсетуін де осы нұсқамен байланыстырады. Ал бұл саладағы несие портфелінің жалпы сомасы 4,1 трлн теңгеге жеткен. Әлбетте, бұл бұрын берілген ұзақмерзімді несиелердің қордағы үлесі әлі де жоғары екенін білдіреді.
Жалпы алғанда, отандық автонарыққа қатысты сүреңсіз сценарий жасауға болмайды екен. Сарапшылар бұл сала "жылдам өсім көрсету кезеңінен" шығып, пайыздық мөлшерлемелер мен сұраныс тепе-теңдігіне сай қайта қалыптасып кезеңіне өту үстінде деген пайым жасап отыр.
Дегенмен, көліктің көбеюі мен бағасының қолжетімділігі адамдардың жақсы өмір сүруінің деңгейін көрсетеді деу қате түсінік. Экономикалық тұрғыдан алғанда көліктің қолжетімділігі автонесиелеу шарттарының тиімділігіне тікелей байланысты екенін қазіргі нақты жағдай көрсетіп отыр.