Кезекті сот отырысында Сәрсемәлиев қылмыстан кейін қалай қашқанын айтып берді. Оның сөзінше, ол жұбайы Ақбаянды жалғыз қалдырғысы келмей, өзімен бірге алып кетуді шешкен, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдымен ерлі-зайыптылар Ташкентке барған. Алайда сотталушының айтуынша, ол жақта өмір сүру тым қымбат болған.
Кейін ол Түркияға көшуді де ойластырған, бірақ дәл осы себеппен бұл жоспарынан бас тартқан. Ақырында Бали аралын таңдаған. Сәрсемәлиевтің сөзінше, билеттер шамамен 300 мың теңгеге түскен, ал қолында тағы 200 мың теңгедей ақша болған.
Шетелде жүрген кезінде сотталушы тергеуге қатысты жаңалықтарды бақылап отырған. Ол әлеуметтік желіде "атыраулық хакер" деген атпен белгілі адамның жазбаларын көргенін айтты. Осыдан кейін, өз сөзінше, марқұм туыстарының SIM-карталарынан құтылуды шешкен.