The Insider тәуелсіз интернет-басылымы жариялаған журналистік зерттеуде қазақстандық кәсіпкердің аты аталды. Анығында Қазақстан азаматы деп таныстырылған Ермек Сүйіндіков есімді жеке кәсіпкерге қатысты бірқатар деректер сөз болған.
Әңгіме көрші Ресейдің әскери мақсаттағы дрон өндірісіне қажетті стратегиялық компоненттерді жеткізушілерге қатысты болып отыр. Басылымның зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстан азаматтығы бар деп танылған кәсіпкер Ерлан Сүйіндіков 2025 жылы Ресейге оптикалық талшық, аккумулятор, электроқозғалтқыш және басқа да жоғары технологиялық жабдықтардың ірі партияларын импорттауды ұйымдастырған. Зерттеу авторлары бұл өнімдердің едәуір бөлігі ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруде пайдаланылуы мүмкін екенін алға тартады. Әсіресе, радиоэлектрондық кедергілерге төзімді оптикалық талшықты байланыс жүйелері қазіргі соғыста маңызды технологиялардың біріне айналған.
"Мәселенің мәні тек жеке кәсіпкердің әрекетінде емес. Бұл жағдай халықаралық санкциялар жағдайында әскери мақсаттағы технологиялардың үшінші елдер арқылы тасымалдануы мәселесін қайта көтеріп отыр" деп жазады The Insider.
Жалпы, мұндай жарияланымдар Қазақстанның сыртқы саудасына, экспорттық бақылау жүйесіне және халықаралық беделіне қатысты сұрақтарды күшейтуі мүмкін.
Әзірге Қазақстан билігі немесе құқық қорғау органдары аталған зерттеудегі мәліметтерге ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан жарияланған деректерді түпкілікті дәлелденген факт ретінде емес, журналистік зерттеудің қорытындысы ретінде қарастырған жөн сияқты.
Айтпақшы, мақалаға өзек болған Ермек Сүйіндіков туралы ашық дереккөздердегі мәлімет өте шектеулі екен. Ашық реестрлерде оның Ресейдің Челябі облысында тіркелген жеке кәсіпкер екендігі көрсетілген. Кәсібінің негізгі бағыты халықаралық көтерме сауда нарығына бағытталғаны ғана анық жазылған.
Сондай-ақ, Сүйіндіковтің Ресей аумағындағы кәсіпкерлік қызметі 2024 жылдың қыркүйегінде тіркелгені туралы мәлімет бар. Ал кейбір дереккөздерде кәсіпкердің бастапқы азаматтығы Ресейде болуы мүмкін екендігі және Қазақстан азаматтығын кейіннен алуы да ықтимал деген жорамал айтылуда.