Ерболат Досаев Ақордадағы қызметінен неге кетті?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Бір ұрттам судың бағасы бір баррель мұнайдан асса…

Бір ұрттам судың бағасы бір баррель мұнайдан асса…
Фото: ЖИ

«Судың да сұрауы бар» деп қадірін білген тіршілік нәрі бүгінде жаһандық экономиканың ең өткір де өзекті тақырыбына айналып отыр. Көк алтынның дәуірі туғанын айқын аңғарып келеміз. Шын мәнінде, сол ырысымыздың ортайып, арнасының тарылып бара жатқаны қабырғамызға батып, көңілімізге кірбің ұялататыны жасырын емес, деп хабарлайды kznews.kz.

Қазақстанның су ресурстарының 40%-дан астамы көршілес елдердің аумағынан бастау алатынын ескерсек, трансшекаралық өзендердің тағдыры біздің экономикамыздың тамырына қан жүгіртуі де, яки оны қауіпке ұшыратуы әбден мүмкін. Мамандардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай еліміздегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі ықтимал, бұл дегеніміз ертеңгі күні ішер ас пен төгер тердің де бағасы еселеп өседі деген сөз. «Су ішкен құдығыңа түкірме» десек те, біз сол құдықтың түбі көріне бастағанын сезбей, бейқамдыққа салынып, суды бейберекет шашып-төгіп жатқан жайымыз бар. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы жалпы су тұтынудың 65%-дан астамын иемденеді. Алайда соның тең жартысы ескірген инфрақұрылым мен тиімсіз технологиялардың кесірінен далаға кетіп, құмға сіңген судай жоғалып жатыр. Осы орайда біз тек шикізат емес, «виртуалды суды» да экспорттап жатқанымызды қаперге алмаймыз.

Отандық сарапшы, экономист Магбат Спановтың пікірінше, егер біз қазірден бастап суды үнемдеудің қатаң режиміне көшпесек, алдағы онжылдықта су тарифының мұнай бағасынан асып түсуі таңсық болмайды. Өйткені сұраныс ұсыныстан асып түскен жерде нарықтың заңы қатал. Бұл ретте «арзанның сорпасы татымас» дегендей, коммуналдық қызметтердің төмен тарифі халықты үнемшілдікке үйретпей, керісінше, ресурстың қадірін қашырып, азық-түлік инфляциясының көрінбейтін қозғалтқышына айналуда. Себебі судың бағасы тек квитанциядағы сан емес, ол — нанның да, сүттің де, күнделікті тұтынатын тауардың да өзіндік құны. Демек, су қымбаттаса, бағаның бәрі аспаннан бір-ақ шығып, халықтың шарасыз күйге түсетіні хақ. 

Дүниежүзілік банктің есептеуінше, су тапшылығы Орталық Азия елдерінің ішкі жалпы өнімін 2050 жылға қарай 11%-ға дейін төмендетіп, ел бюджетіне орасан зор соққы беруі мүмкін. «Сулы жер — нулы жер» деген қағиданың күші жойылып, егістік алқаптарының суалуы азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп, сырттан келетін импортқа тәуелділікті арттыра түсетіні бесенеден белгілі.

Қазақстандық гидролог-ғалымдар Сырдария мен Әмударияның деңгейі соңғы 50 жылда едәуір төмендегенін алға тартып, Каспий мен Балқаштың тағдыры да қыл үстінде тұрғанын айтып шырылдайды. Ал көрші елдердің су шүмегіне тәуелділігі нағыз экономикалық тұзақ екенін дабыл қағып айтуда. «Көршің қоңсы болса, асың ортақ» десек те, су ресурстары үшін болатын геосаяси тартыстарда көршінің қабағына қарап, шөміштен қысылуымыз әбден мүмкін. Себебі мұнайдың баламасы табылса да, судың баламасы жоқ. «Ауруын жасырған өледі» демекші, магистральды каналдардың 70 %-дан астамының тозуы мен судың 50 %-ның егістікке жетпей жерге сіңуі — бюджеттің бүйірін тесетін инфрақұрылымдық тесік болып отыр. 

Сондықтан да су тапшылығын сөзбен емес, іспен дәлелдеп, цифрландыру мен тамшылатып суару әдісіне жаппай көшу — бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың алдындағы парызымыз. Түйіндей келгенде, егер біз бүгін суды алтыннан қымбат деп бағаламасақ, ертең мұнайымыз асып-тасып жатса да, шөл қысқанда бір ұрттам суға зар боп, кеш болғанда бармақ тістеп қалуымыз ғажап емес.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.