Автонарықтағы тенденция: кредит қымбаттап, көлік арзандап келеді...
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

1 шілдеден бастап аулаларға көлік қоюға тыйым салынатыны рас па?

1 шілдеден бастап аулаларға көлік қоюға тыйым салынатыны рас па?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің маңына автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.

Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұрғын үйлердің маңында автокөліктерді қоюға тыйым салынады деген ақпарат тараған.

«Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Министрліктің бұйрығында тұрғын үйлердің жанында автокөліктерді қоюға жаңа тыйым салу көзделмеген. Жаңа қағидаларда азаматтарға арнайы қарастырылған автотұрақ орындарына көлік қоюға тыйым салатын нормалар жоқ. Өзгерістер тек қолданыстағы нормаларды нақтылау мақсатында енгізілді. Сондықтан автокөліктерді қоюға қатысты жаңа шектеулер енгізіледі деген тұжырымдар құжаттың мазмұнына сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомствоның түсіндіруінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы нормативтік құқықтық базаны ҚР Құрылыс кодексіне сәйкестендіруге бағытталған.

Құжат елді мекендерді абаттандыру саласындағы бұрыннан қолданыста болған нормаларды қайта бекітеді. Бұл ережелер бұған дейін де Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №235 бұйрығымен бекітілген қағидаларда қолданылып келген.

Министрліктің мәліметінше, өзгерістердің бірі қағидалардың 32-тармағын нақтылауға қатысты. Онда жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақта жинап, сақтауға рұқсат етілмейтін жылжымалы мүліктің тізбесі нақтыланған.

Бұрын «өзге де жылжымалы заттар» деген жалпы тұжырым қолданылса, жаңа редакцияда оған автокөлік құралдары, тіркемелер мен арбалар да жататыны нақты көрсетілген.

Алайда бұл норма көлік құралдарын пайдалануға немесе арнайы белгіленген орындарда қоюға тыйым салмайды. Әңгіме ортақ пайдаланудағы аумақта мүлікті ұзақ уақыт сақтап қоюға және үйіп тастауға жол бермеу туралы болып отыр.

Сондай-ақ министрлік аталған қағидалар жол қозғалысын ұйымдастыру, автотұрақтар мен тұрақ орындарын реттеу және көлік құралдарын пайдалану мәселелерін қамтымайтынын атап өтті.

Осыған байланысты ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және нормативтік құқықтық актілерге қатысты шындыққа жанаспайтын түсіндірмелерді таратпауға шақырды.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.