Мемлекеттік сатып алу жүйесінде "бір көзден сатып алу" тәсілі кеңінен қолданылатыны жасырын емес. Заң талабы бұған тиым салмайды. Керісінше, шұғыл жағдайларда кеңінен қолдауға жол ашады.
Алайда, барлық деңгейдегі әкімдіктер бюджет қаражатын игеру барысында осы тәсілді қолдануды жиілеткенге ұқсайды. Осы жерде жергілікті атқарушы билікке қарата сын айтылатыны орынды.
Біріншіден, "бір көзден сатып алу" жүйесі бәсекесіз, бір ғана жеткізушімен тікелей шарт жасалатын механизм. Заң рұқсат бергенімен, оның қолданылуы әрдайым сұрақ тудырады. Мәселен, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға сәйкес, бір көзден сатып алу ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылуы тиіс екен. Атап айтқанда, оған төтенше және шұғыл жағдайлар кезінде басымдық беріледі. Басқа жағдайда бәсекеге қабілетті екінші баламаның болмауы немесе авторлық құқық пен айрықша құқық иесі деп танылған орындаушылармен шарт жасауға рұхсат етіледі. Сондай-ақ, бір көзден қаржыландыру келісімі бұрын жасалған шартты толықтыру қажеттілігі туғанда ғана жасалады-мыс.
Екіншіден, "бір көзден сатып алу" келісімі шартты сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыратын қауіпке айналып отырғаны жасырын емес. Әрине, оны анықтау құзырлы органдардың міндеті. Өкінішке қарай, бюджет қаржысын талан-таражға салу бойынша ашылған қылмыстық істердің дені осы мемлекеттік сату алу бойынша жіберілген қателіктерге қатысты екенін айтып жату артық.
Бұл жерде жемқорлық тәуекелінен бөлек бірнеше фактор бар. Яғни, "бір көзден сатып алу" кезінде бағаның негізсіз қымбаттауы байқалған. Оған бәсеке тудыратын екінші тараптың болмауы себепті тапсырысты орындаушының бағаны нарықтан жоғары қою ықтималдығын арттырады. Зерттеу деректері "бір көзден" сатып алынған тауар немесе қызмет ашық конкурсқа қарағанда 20–30 пайызға қымбат болатынын көрсеткен.
Жоғарыда жергілікті атқарушы биліктің бюджет қаржысын игеру кезінде осы тәсілге жиі жүгінетінін айттық. Нақты мысал ретінде Қонаев қаласы әкімдігінің кейінгі бірер жыл аралығындағы "бір көзден сатып алу" бағытына жұмсаған қаражатын талдап көрелік. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, 2025 жылы ғана Алматы облысының орталығында жалпы сомасы 322 млн теңгені құрайтын 224 мемлекеттік сатып алу рәсімделіпті. Әзірге мемлекеттік тапсырыстың орындалу сапасы мен көрсетілген қызметтің тиімділігі әрі ашықтығы туралы айтуға ерте. Және ол құзырлы орган - Жоғарғы Аудиторлық палатаның жұмысы. Дегенмен, сату алу лоттарының ішінен көзге түскені мынау: бөлінген бюджет қаржысының 14,92 пайызы, яғни 48 млн теңге көлеміндегі қаражат "бір көзден" сатып алу тәсілі бойынша жүргізілген.
Ең қызығы, қомақты қаржыны құрайтын екі келісім-шартты да жалғыз орындаушы - "Халикова Т.С." атты жеке кәсіпкер игерген. Яғни, жеке кәсіп иесі былтырғы есеп бойынша Қонаев қаласы әкімдігінің ең ірі жеке жеткізушісі болып отыр. Рас, бұл жерден "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның талабына қатысты бәлен деу қиын. Ереже бойынша "бір көзден" қаржыландыру мөлшері 15 пайыздан аспауға тиіс. Қонаев қаласы әкімдігінің мысалында - 14,92 пайыз. Әрі келісім-шарт саны екеу екен. Демек, дәл осы жерден қандайда бір сыбайластық тәуекелін іздеу жөнсіз сияқты. Бірақ, әкімдіктің әрекетінен нарықтағы бәсекенің әлсіздігін немесе балама ұсыныстардың аздығын байқаймыз.
Екіншіден, қалалық әкімдік бөлген сатып алу бюджетінің шамамен жетіден бір бөлігі екі ғана келісімшарт аясында игеріліп отыр. Айтпақшы, аталған 48 млн теңгелік екі келісім-шарт әкімшілік және өндірістік үй-жайларды жалға алу лоты бойынша жариялаған. Ал келісім-шарттың бірі ашық конкурс арқылы жасалса, екіншісі сатып алудың өтпей қалуына байланысты "бір көзден" алу тәсілімен рәсімделген.
Үшіншіден, бұл жағдай Алматы облысының орталығы ретінде қарқынды дамуға бет алған Қонаев қаласындағы қажетті қызмет көрсету ғимараттарының тапшылығын көрсетіп бергендей. Әсіресе, қаладағы нысандардың түгелдей дерлік жеке адамдардың иелігіне өтіп кеткендігі білінеді.Тіпті, аймақтағы атқарушы биліктің темірқазығы - Алматы облысы әкімдігінің бас кеңсесі де бұрынғы ойынхана үшін салынған ғимарат екенін жұрт біледі.
Жалпы, аймақта ғимараттар мен нысаналы үй-жайлардың тапшылығы салдарынан аясы кеңейген мемлекеттік қызмет үшін қосымша бюджет қаржысын шығындауға жол беріліп отыр.
Тоқетерін айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі "бір көзден жеткізуші" ұғымына қатысты атқарушы биліктің ұстанымы айқындалатын уақыт жеткен сияқты...