Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарында парабиатлоннан спринттік қуалау жарысының финалы өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл сайыста Қазақстан намысын үш спортшы қорғады: Ербол Хамитов, Сергей Усольцев және Юрий Березин.
Жарыс қорытындысы бойынша Ербол Хамитов 9:39.0 уақыт көрсеткішімен және бір ғана мүлт кетумен мәреге бірінші болып келіп, Паралимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.
Екінші орынды Украина спортшысы Тарас Радь, ал үшінші орынды Қытай өкілі Лю Цзысю иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін осы Паралимпиадада Ербол Хамитов парашаңғы спринтінде қола медаль алған болатын.
2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындары Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтіп жатыр және 15 наурызда аяқталады. Қазақстан құрамасы бұл додада екі спорт түрі бойынша бақ сынауда: парашаңғы жарысы және парабиатлон.