Әрбір екінші адам: ел тұрғындарының 51,2 пайызы несиеге өмір сүреді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Баланы өмірге бейімдеудегі Монтессори әдісі: Қазақстан тәжірибесі

Баланы өмірге бейімдеудегі Монтессори әдісі: Қазақстан тәжірибесі
Фотоиллюстрация: Kznews AI

Қазір, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру жүйесіне деген талап түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын ата-аналар үшін баланың әріп танып, санауды үйренуі немесе мектепке ерте дайындалуы маңызды саналса, бүгінде олардың көбі баланың психологиялық жай-күйіне, өз ойын еркін жеткізуіне, қоғамға бейімделу қабілетіне көбірек назар аудара бастады. Әсіресе кейінгі жылдары кеш сөйлейтін, гиперактив немесе ортаға бейімделуі қиын балалар санының көбеюі бұл мәселені одан әрі өзекті ете түсті.

Осындай жағдайда көптеген ата-ана дәстүрлі балабақшаларға балама іздеп, Монтессори жүйесіне қызығушылық танытып отыр. Алайда қоғамда бұл жүйеге қатысты түрлі пікір қалыптасқан. Kznews.kz. тілшісі бүгін сол пікірлер негізінде журналистік зерттеу жасап көреді.

Монтессори жүйесіне қатысты айтылатын пікірдің бірі – баланың табиғи дамуына мүмкіндік беретін тиімді әдіс деп есептесе, енді бірі қымбат әрі сәнге айналған тренд ретінде қабылдайды. Сонымен қатар «Қазақстанда Монтессори жүйесі  сапалы енгізіліп жатыр ма?» «Бұл бағыт неге  жекеменшік секторда дамып келеді?» деген сұрақ та жиі көтеріледі.

Монтессори әдісінің негізін италия дәрігер әрі педагог Мария Монтессори қалаған. Ол алғашында ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеген. Ұзақ бақылау барысында балалардың мәжбүрлеу арқылы емес, еркін әрі арнайы дайындалған ортада жақсы дамитынын байқайды. Кейін бұл тәсіл бүкіл әлемге тарала бастайды.

2022 жылы жүргізілген халықаралық зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазіргі таңда Монтессори жүйесі әлемнің 154 елінде қолданылады. Әлем бойынша 15 мыңнан астам Монтессори мектебі мен балабақшасы жұмыс істейді. Әсіресе АҚШ, Германия, Жапония, Қытай және Сингапур елдерінде бұл жүйе белсенді дамып, кейбір мемлекеттерде мемлекеттік білім беру жүйесіне де енгізілген. Алайда зерттеу барысында тағы бір маңызды мәселе анықталған. Сарапшылардың айтуынша, «Монтессори» атауы барлық елде бірдей қорғалмағандықтан, кейбір білім беру орталықтары бұл атауды тек маркетингтік құрал ретінде пайдаланып, жүйенің негізгі қағидасын толық сақтамауы мүмкін.

Қазақстанда да Монтессори жүйесіне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе Алматы, Астана және Шымкент қалаларында мұндай орталықтар саны көбейген. Шымкент қаласындағы «Bambini» Монтессори орталығының жетекшісі Людмила Новикованың айтуынша, қазіргі балалардың ерекшелігі дәстүрлі білім беру жүйесінің әлсіз тұсын айқын көрсетіп отыр.

«Қазіргі балалар стандарттан тыс ойлайды. Олар ұзақ уақыт бір орында отыра алмайды, кейбірі кеш сөйлейді, гиперактив болып келеді. Сондықтан стандартты бағдарлама барлық балаға бірдей сәйкес келе бермейді. Ал Монтессори жүйесі әр баланың жеке ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді», – дейді ол.

Людмила Николаевнаның Монтессори жүйесімен алғаш танысуы 18 жыл бұрын Мәскеуде басталған.

«Мәскеуде көптеген жас ата-ананың Монтессори орталықтарына кезекке тұрып жатқанын көрдім. Балалар ол жерден кеткісі келмейтін. Сол кезде бұл жүйенің ерекше екенін түсіндім. Кейін арнайы оқып, әдісті Қазақстанға алып келдік», – дейді маман.

Оның айтуынша, Монтессори ортасының негізгі ерекшелігі – «дайындалған орта».

«Бала қай жерде жұмыс істейтінін өзі таңдайды: үстелде ме, әлде кілемшеде ме. Ол қандай материалмен жұмыс істейтінін де өзі шешеді. Мұндай еркіндік баланың өзіне деген сенімін қалыптастырады. Біздің мақсат – балаға бәрін дайындап беру емес, оның өздігінен үйренуіне мүмкіндік жасау», – дейді ол.

Монтессори жүйесінде балалар жас ерекшелігіне қарай бөлінбейді. Мысалы, 8 айдан 3 жасқа дейінгі балалар бір ортада, ал 3 пен 6 жас аралығындағы балалар бөлек кеңістікте бірге дамиды.

«Бұл – табиғи орта. Отбасында да балалар әртүрлі жаста болады ғой. Кішілер үлкендерден үйренеді, ал үлкендер өз білімін бекітеді. Дәстүрлі жүйеде балалар көбіне тек өзімен қатар жастағы балалармен ғана бірге тәрбиеленеді. Бұл табиғи үйлесімге сәйкес келмейді», – дейді Людмила Николаевна.

Маманның сөзінше, Монтессори жүйесінде баланың барлық сезім мүшесінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді.

«Материалдардың барлығы ағаштан жасалған. Балалар ұстап көреді, салыстырады, иісті ажыратады, тыңдайды. Бала тек теориямен емес, тәжірибе арқылы үйренеді. Ол кеңістікті таниды, өзіне қызмет көрсетуді үйренеді, кейін оқып-жазуға бейімделеді», – дейді ол.

Орталықтағы тағы бір ерекшелік – инклюзия бағыты. «Bambini» орталығы Қазақстандағы қалыпты дамып келе жатқан балалар мен логопедиялық ерекшелігі бар балаларды бірге оқытатын алғашқы Монтессори орталығының бірі.

«Біз балаларды бөліп тастағымыз келмеді. Ерекше бала қалыпты ортада ғана тез бейімделеді. Олар бірге ойнайды, бірге серуендейді, мерекелерге бірге қатысады. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі», – дейді орталық жетекшісі.

Людмила Новикованың өзі дәрігер әрі педагог болғандықтан, бұл мәселені тереңірек түсінетінін айтады.

«Қазір кеш сөйлейтін балалар өте көп. Кейбірінде наталдық жарақат болады, кейбірі ауыр вирустан кейін өзгереді. Біз логопедтерді, массаж, емдік дене тәрбиесі, бассейнді қосып, кешенді түрде жұмыс істейміз. Ең бастысы – дұрыс орта қалыптастыру», – дейді ол.

Маманның пікірінше, Монтессори жүйесінің негізгі қағидаларының бірі – баланы мәжбүрлемеу. 

«Мария Монтессори “баланы қызықтыра білу керек” деген. Егер бала жұмысты қызығып жасаса, ол бәрін тез қабылдайды. Бала өздігінен тамақтанғысы келеді, жазғысы келеді, үйренгісі келеді. Ал мәжбүрлеу арқылы нәтиже ұзаққа бармайды», — дейді Людмила Николаевна.

Оның айтуынша, Монтессори орталығында балаға таңдау еркіндігі беріледі.

«Біздің ортада бала өзі таңдайды. Ол бананды қалай турайтынын, қанша тамақ салатынын өзі шешеді. Бірақ, сонымен бірге жауапкершілікті де үйренеді. Егер өзі таңдаса, оны соңына дейін орындауы керек екенін түсінеді», – дейді.

Монтессори жүйесінің тиімділігі туралы ата-аналар да жиі айтады. Осындай орталықтардың біріне баласын беріп жүрген Меруерт Асқарованың айтуынша, бұл жүйе баланың дербестігін ерте жастан қалыптастырады.

«Маған Монтессори жүйесінің құрылымы ұнайды. Мұнда баланың ұсақ моторикасы дамиды, сөйлеу қабілеті жақсарады, өздігінен әрекет етуге үйренеді. Қазір балам өздігінен киінеді, тамақ ішеді, заттарын жинайды. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда сенімді болды», – дейді ол.

Оның айтуынша, баланың адамдармен қарым-қатынасы да өзгерген.

«Балам өзінен үлкен де, кіші де балалармен бірге араласады. Кішілерге қамқор болуды үйренді, ал үлкендерден үлгі алады. Ол өзін ешкімнен төмен сезінбейді және ойын еркін жеткізе бастады», – дейді ол.

Ата-ананың сөзінше, Монтессори орталығында бейімделу кезеңі де біртіндеп жүзеге асады.

«Алғашқы аптада балалар түске дейін ғана қалады. Біртіндеп ортаға, тәрбиешілерге, балаларға үйренеді. Кейін толық күнге еш қиындықсыз бейімделіп кетеді», – дейді М.Асқарова.

Журналистік зерттеу аясында Монтессори жүйесіне қатысты ата-аналар арасында онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі қазіргі мемлекеттік балабақшаларда баланың жеке ерекшелігіне көңіл бөлудің аз екенін атап өткен. Сонымен қатар көпшілік балалардың еркін ойлауына, таңдау жасауына және практикалық дағдысына көбірек назар аудару қажет деп есептейді.

Сауалнамада көптеген ата-ана Монтессори жүйесінің басты артықшылығы ретінде баланың дербестігін дамытуын атап өтті. Кейбір қатысушылар мемлекеттік балабақшаларда шығармашылық пен еркін орта жетіспейтінін айтса, енді бірі балаларға арналған дамытушы материалдардың аздығына назар аударған.

Дегенмен Монтессори жүйесіне қатысты қоғамда сын да жоқ емес. Негізгі мәселе – екінің бірі қол жеткізе алмайды дегенге саяды.  Қазақстандағы көптеген Монтессори орталықтарының бағасы қарапайым отбасы үшін қымбат саналады. Кейбір орталықтардағы айлық төлем 250–300 мың теңгеге дейін жетеді.

Ал Людмила Николаевнаның пікірінше, мәселе тек бағада емес.

«Қазір көптеген орталық Монтессори атауын қолданады. Бірақ бәрі бірдей сапалы емес. Кейбірі әдемі атау ретінде пайдаланады. Сондықтан ата-ана ең алдымен педагогтің жұмысын, ортаның сапасын, материалдардың қандай екенін көруі керек», – дейді.

Маманның айтуынша, сапалы Монтессори ортасын қалыптастыру арзан емес.

«Еуропадағы курстар 10 мың еуроға дейін барады. Сондықтан біз Қазақстанда арнайы қор ашып, педагогтерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыта бастадық. Себебі бұл жүйе тек бай адамдарға ғана арналған болмауы керек», – дейді Людмила Николаевна.

Оның пікірінше, Монтессори жүйесінің болашағы Қазақстанда әлі де кеңейе түседі.

«Кейінгі 20 жылда бұл бағдарлама өзін дәлелдеді. Ата-аналар нәтижені көріп отыр. Балалар еркін, батыл, өз ойын ашық айта алады. Сондықтан бұл жүйеге сұраныс әлі де өседі деп ойлаймын», – дейді маман.

Бүгін, Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру саласында балалардың психологиялық жай-күйі, еркіндігі және қоғамға бейімделуі мәселесі жиі талқыланып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Монтессори жүйесі көптеген ата-ана үшін жай ғана сән емес, баланың жеке ерекшелігін ескеретін балама бағытқа айналып отыр. Дегенмен бұл жүйенің сапасын бақылау,  бағасының тиімді болуы және кәсіби мамандар даярлау мәселелері әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Соған қарамастан Монтессори әдісі қазіргі білім беру жүйесіне жаңа көзқарас әкелген, баланы оқытып қоймай, оны өмірге бейімдеу мәселесіне қоғам назарын қайта аудартты.

Нұрдана РАМАЗАНҚЫЗЫ
MNU студенті

Автор
KZNEWS

Қазақстан және әлем жаңалықтары