Кейінгі күндері әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде ақпараттық аштыққа қорек болған бірнеше кейс орын алды. Атын атап, түсін түстеу артық болар, бірақ, фактіден қашып кете алмаймыз. Мұның себебін түсіндіру қиын. Салдары да ауыр болмақ. Бір жақты түйін жасау да оңай емес. Бір анығы, қазіргі қазақ қоғамында жеке адамның өмірін талқылау үдерісі шарықтау шегіне жетті.
Оқырманның ойында әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанованың журналист Жанар Байсемізоваға берген сұхбаты тұрғаны анық. Былай қарағанда отбасылық мәселе болғанымен, тас-талқан болып қирағалы тұрған Тұсынбек-Мөлдір тандемінің қоғамдық пікір алаңында апта бойы талқыға түсуін ешкім күтпеген еді. Алайда, әлеуметтік желідегі пікірлер тоғысы мен ақпараттық сайттардағы қаралым трафигіне "төңкеріс" жасаған екеуара әңгімеден кейін қоғамдағы отбасы институты, гендерлік теңдік, ата-ана құқығы, бала тәрбиесі сияқты толғағы жеткен мәселелердің тығыны атылып кеткен сияқтанады. Бірақ, пікір сараптамасы басқаша болып шықты. Пікір жазушылар жалпы мәселені емес, жеке басқа қатысты кемшілік пен мін іздеуге ауысып, әжуа мен ашу-ызыға ерік берген. Айтпақшы, дәл осындай түсініксіз тенденция тағы бір кейс – актриса Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың "Уақыт көрсетеді" арнасына берген сұхбатынан кейін де байқалған еді...
Жалпы, әлеуметтік желі мен тәуелсіз БАҚтардағы жаппай оқылып, талқыланатын тақырыптарды жаңадан қалыптасып отырған азаматтық қоғамның алғышарты ретінде қарастыруға болады. Алайда, қоғамның ашықтығы мен адами парасат өлшемін папарацилік әрекетпен теңестіру күлкілі сияқты.
Деп келгенде, ақпараттық кеңістік пен оған теңестерілген әлеуметтік желідегі адамның жеке өміріне қатысты талқылаулар ел ішіндегі қоғамдық мәдениеттің деңгейіне қатысты өкінішті мәселелердің бар екенін көрсетіп бергендей. Мұның арғы жағында идеологиялық жұмыстың оңы мен солына қатысты басы ашық сұрақтың құлағы қылтиятыны да рас. Тіпті, пікір алуандығына қатысты демократия принципіне жүгінгеннің өзінде жария жазбалардың "жабайылануына" жайбарақат қарап отыруға тиіс емеспіз.
Жалпы, әлеуметтану ғылымы қандай кезеңде болмасын адамның жеке өмірі қоғам талқысына түспеуі керек деген пайымға тоқтайды екен. Яғни, жеке кеңістік – адамның негізгі құқығы саналады. Ал кез келген құқық тақырыбы заң аясында реттелуге тиіс.
Бұл талап біздің елге де тән. Адамның жеке өміріне қол сұқпау туралы Ата Заңда айқындалған. Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабында: «Әркімнің жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауы тиіс» деп нақты жазылған. Демек, бұл тек әдеп мәселесі ғана емес, заңмен қорғалатын қағида болып отыр.
Әрине, қоғам тұлғаның қызметін, қоғамға әсерін, кәсіби әрекетін талқылауға құқылы. Бірақ оның жеке өмірі, отбасы, сезімі мен қарым-қатынасы – талқыға түспеуге тиіс екен. Гуманизм мен өркениет мысалы солай дейді. Рас, бұл жерде белгілі бір деңгейде жауапты қызмет атқаратын немесе мемлекет жүйесіндегі шешімдерге ықпал етуші адамдарға қатысты әдеп пен мораль қағидасының, заң талабының еш қатысы жоқ. Өкінішке қарай, бізде саяси элита арасында да әдеп пен мораль құндылықтарын аяқ асты ету фактісі жетеді. Бұған ала жіпті аттап жүрген отандық шенеуніктердің қызметіне қатысты алдағы талдауымызда арнайы тоқталамыз. Ал, осы тақырыпқа орайғы сөзді әлеуметтанушылардың "жеке өмірді талқылау – мәдениетсіздік белгісі" деген түйінімен жалғасақ.
Сараптама көрсеткендей, кейбір отандық БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары рейтинг пен назар аудару үшін адамның жеке өмірін әдейі жариялауды мұрат тұтады екен. Мұндай әрекеттер адамның абыройын таптап, қоғамның рухани деңгейін түсіреді-мыс. Яғни, еліміздің медиакеңістігінде ешқандай жауапкершіліксіз ақпарат таратудың айқын көрінісі байқалады.
Әсіресе, әлеуметтік желілерде дөрекі пікірлер мен агрессивті талқылаулардың жиілеуі қоғамдық мінездің өзгергенін байқатса керек. Осыдан барып «Қазақ қоғамы мәдениетсіз болып бара ма?» деген заңды сұрақ туады. Бір дерек: 2024 жылы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің тапсырысымен қоғамдық пікірге қатысты зерттеу жүргізілген екен. Оған қатысушылардың 68 пайызы «қоғамдағы әдеп пен өзара құрмет деңгейі соңғы жылдары төмендеді» деп жауап берген. Бұл дерек қоғамда рухани дағдарыстың бар екенін айғақтайды. Бірақ мұны ұлттың мәдениетсіздігімен шатастыруға болмайтын шығар, әсілі бұл қоғамның өткен кезеңде көрген қысымы мен өзгере бастаған құндылықтар дағдарысының көрінісі сияқты.
Әңгіме қоғамдық мінез-құлықтың қалыптасуына қатысты тетіктердің қалай жұмыс істеуіне қатысты болып шығады.
Яғни, ашық ақпараттық кеңістіктегі дәстүрлі құндылықтардың жылдам өзгеруі қоғамдық пікір алаңына да әсер етеді деген пайым бар. Кейінгі жылдары бұқараның цифрлық сауаты артқанымен, пікір мәдениетінің өсуі кенже қалғаны рас. Мысалы, StopFake.kz порталының дерегінше, 2024 жылы әлеуметтік желілерде жалған немесе қорлайтын жазбалар саны 30 пайызға көбейген. Әсіресе, еркін блогерліктің дамуы адамның жеке өмірін рейтинг пен пайда үшін шоуға айналдыруды әдетке айналдырғанын мойындауымыз керек.
Қалай болғанда да, адамның жеке өмірі ешқашан қызуы тез басылатын қоғамдық пікірдің ойыншығына айналмауға тиіс.
Айтпақшы, қазақ ортасында "Оянған қоғамның тек қоғамға қатысты мәселелерді талқылауынан саяси жүйе сескенеді..." деген де пікір бар. Ден қойсақ, жүйе мұндай арзан талқылауларды қасақана ұйымдастыру арқылы қоғам назарын басқа жаққа аударуға мүдделі-мыс. Қоғамдық пікірден гөрі конспирологияға жақын мұндай сөзді құптау мен жоққа шығару, әлбетте мүмкін емес...
Қалмаханбет Мұқаметқали.