Бектенов: Қазақстанның кез келген азаматы цифрлық инвестор бола алады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Астана - Сеул арасы: Қазақстанға Оңтүстік Корея не үшін керек?

Астана - Сеул арасы: Қазақстанға Оңтүстік Корея не үшін керек?
Фото: aqorda.kz

Қазақстан мен Оңтүстік Корея экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы елге жасаған ресми сапарынан кейін бұлай деп айтуға толық негіз бар. Президенттің Сеулге сапары ірі саяси-экономикалық бағыттағы ауқымды тақырыпты қамтиды. Ол туралы әлемдік және отандық сарапшылар майын тамызып айтып, зерделеп жатыр. Ал бізді соның ішінен "Қазақстанға Корея не үшін керек?" деген сауалдың жауабы қызықтырады.

Жалпы, екі ел байланысындағы негізгі екпін бұған дейін инвестиция, сауда және жекелеген өндірістік жобаларға түссе, енді күн тәртібіне өнеркәсіп, инфрақұрылым, критикалық минералдар, атом энергетикасы, жасанды интеллект және микроэлектроника сияқты стратегиялық салалар шыққан сияқты. Сеулде өткен қазақ-корей дөңгелек үстелінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттарды атап өтіп, екіжақты байланысты технологиялық әріптестік деңгейіне көтеруге мүдделі екенін көрсетті.

Қазір Қазақстан мен Кореяның өнеркәсіптік портфелінде құны 4 миллиард доллардан асатын елуден астам бірлескен жоба бар. Кореялық инвестицияның жалпы көлемі 12 миллиард доллардан асқан, Қазақстанда мыңнан астам бірлескен компания жұмыс істейді. Ендігі мәселе осы капиталдың ел экономикасына ұзақмерзімді әсері қандай болады дегенге саяды.

Жалпы, Оңтүстік Корея елі табиғи ресурстары шектеулі, бірақ технологиялық және өндірістік әлеуеті жоғары мемлекет. Қазақстан үшін оның басты артықшылығы капитал мен технология болса, Сеул үшін Қазақстанның құндылығы табиғи ресурстары және географиялық орналасуымен байланысты.

Қазақстан уран, мыс, хром, мырыш, титан және басқа да стратегиялық минералдарға бай. Электромобильдер, аккумуляторлар, жаңартылатын энергетика және жоғары технологиялық өндіріс дамыған сайын бұл ресурстардың маңызы арта береді.

Сондықтан корей бизнесі үшін Қазақстан ұзақмерзімді шикізат базасы ғана емес, Еуразия нарығына шығатын алаң бола алады. Елдің Қытай, Ресей, Каспий маңы және Орталық Азия арасындағы орны осы мүмкіндікті күшейтеді.

Оңтүстік Кореяның өзі бірнеше онжылдықта аграрлық экономикадан әлемдегі жетекші өнеркәсіптік державалардың біріне айналды. Hyundai, Samsung, SK секілді компаниялардың тәжірибесі бұл елдің өндірістік тізбектерді қалай қалыптастырғанын көрсетеді.

Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібі осы модельдің алғашқы мысалдарының бірі. 2025 жылы елде шамамен 170 мың автомобиль өндіріліп, ұлттық рекорд орнады. Өндірістің елеулі бөлігі Hyundai мен Kia компанияларына тиесілі. Ендігі міндет құрастыру көлемін ғана арттыру емес, компоненттер өндірісін жергіліктендіру. Металл, электроника, аккумулятор, кабель, пластик және басқа бөлшектерді шығаратын кәсіпорындар көбейсе, автомобиль өндірісі тұтас индустриялық кластерге айналады.

Қазақстанның инфрақұрылымдық жаңғыруы корей компанияларына жаңа мүмкіндік береді. Алдағы жылдары көлік және коммуналдық жүйелер, тұрғын үй, мектептер, ауруханалар, медициналық орталықтар мен спорт нысандарын салуға қомақты қаражат бағытталмақ.

Корей құрылыс компанияларының тәжірибесі бұл жобаларда сұранысқа ие болуы мүмкін. Бірақ ынтымақтастықтың нәтижесі тек салынған нысандармен өлшенбеуі керек. Цифрлық жобалау, энергия тиімділігі, заманауи құрылыс материалдары мен инженерлік шешімдерді Қазақстанға енгізу маңызды. Жергілікті компаниялар мен мамандардың қатысуы да жобалардың экономикалық қайтарымын арттырады.

Екіншіден, екі елдің жаңа серіктестігінде жасанды интеллект ерекше орын алады. Қазақстан өзін Орталық Азиядағы негізгі есептеу орталығы және Еуропа мен Азия арасындағы технологиялық көпір ретінде қалыптастыруға ниетті. Мұндай мақсат үшін дата-орталықтар, тұрақты энергия, байланыс желілері және жоғары білікті кадрлар қажет.

Алайда, Қазақстан тек серверлер орналасатын аумаққа айналмауы керек. Есептеу инфрақұрылымымен қатар бағдарламалық жасақтама, ғылыми зерттеулер, мамандар даярлау және AI-қызметтерін экспорттау дамыған жағдайда ғана бұл бағыттың экономикалық әсері жоғары болады. Осы тұрғыдан алғанда Samsung Electronics және SK Hynix сияқты технологиялық алыптармен ықтимал әріптестіктің маңызы зор.

Үшіншіден, Кореямен жақындасу Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын әртараптандыру саясатына да сәйкес келеді. Астана Ресеймен, Қытаймен, Еуропалық одақпен, Түркиямен және Парсы шығанағы елдерімен байланысын дамытып отыр. Сеулмен ынтымақтастық осы жүйеге қуатты технологиялық серіктесті қосады.

Осы тұрғыдан Қазақстан мен Кореяның мүдделері бір-бірін толықтырады. Қазақстанға капитал, технология және өндірістік тәжірибе қажет. Кореяға тұрақты ресурстық база мен Еуразия нарығына шығатын мүмкіндік керек.

Егер бұл мүдделер нақты өндірістік тізбектерге ұласса, екіжақты байланыс кезекті инвестициялық бағдарлама шеңберінен шығып, Қазақстанның индустриялық және технологиялық жаңғыруының маңызды тетігіне айналуы мүмкін.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.