Бектенов: Қазақстанның кез келген азаматы цифрлық инвестор бола алады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Бектенов жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде кеңес өткізді

Бектенов жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде кеңес өткізді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды kznews.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздерінде 4,8 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут жиналған. Әлеуметтік секторға арналған тағы 255 мың тонна мазутты жеткізу кестесі бекітілді. Алдағы маусымда көмірге сұраныс 7,3 млн тонна болады деп күтілуде.

Қазір 4 энергоблок, 28 қазандық және 18 турбина жөнделді. Тағы 3 энергоблок, 26 қазандық және 21 турбинада жұмыс жалғасып жатыр. Жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 352 шақырымы жөнделіп, жұмыс 93%-ға орындалды. Бұл мақсатқа 196,8 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді.

Жылыту маусымына 10 913 білім беру нысаны, 5 394 медициналық мекеме, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үй дайын. Өңірлерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ жиын барысында өңір әкімдерінің есептері тыңдалды. Абай облысында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жөндеу жобасы, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 15,8 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылды. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде ұзындығы 53,7 шақырым болатын жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жалғасып жатқанын, бұл олардың тозу деңгейін 52,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін  баяндады. Қазандық жабдықтарын жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталды. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қоры жылыту маусымына толық дайын. Барлық жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ақмола облысында төрт блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталып, 26 қазандықтың 24-і ауыстырылды, 37 шақырым жылу желілері жөнделді, бұл жоспардың 97%-ын құрайды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск ЖЭО жабдықтарын жөндеу және қалалық жылу магистралін реконструкциялау туралы баяндады, оның учаскесінде қазіргі уақытта 45 маман мен 16 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Облыстың әлеуметтік нысандары мен тұрғын үй қоры толығымен дайындалған.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл ЖЭО-2 жылыту маусымының басында жылу беруді қамтамасыз етуге дайын екенін айтты. Жұмысқа 8 қазандық агрегаты дайындалды. Жөндеу науқаны аясында 6 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар аяқталды. Петропавл қаласының жылу магистральдарын дайындауды 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Облыста жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады.

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына толық дайындығы туралы баяндады. Жезқазған ЖЭО-да 4 қазандық пен 4 турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізілді, №11 қазандық күрделі жөндеуден өтті. Сәтбаевтағы №1 жылу стансасы мен ЖЭО-ның басқа жабдықтарын дайындау жалғасуда.

Премьер-министр қалған жұмыстарды уақытында аяқтап, отын жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Азаматтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландыру ұлғайтылды. Жергілікті әкімдер барлық нысанның, әсіресе әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның дайындығын жеке бақылауда ұстауы тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі