KZNews.kz
Әлеумет

Ардагерлер мен мүгедектер тізімі жаппай қайта тексеріліп жатыр: кімдер жәрдемақыдан қағылады

Дархан Тоқан
kznews.kz коллажы

Елде әлеуметтік төлемдердің әділдігін тексеруге бағытталған жаппай верификация басталды. Ардагер мәртебесі мен мүгедектік рәсімдеуіне қатысты құжаттар қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, төлем алушылардың деректерін қайта сүзгіден өткізуге кірісті. Нысанада – жергілікті соғыстарға қатысқан ардагерлер және мүгедектік диагноздарының негізділігі. Басты мақсат – шынайы мұқтаж адамға тиесілі қолдауды “қағазбен” алып кеткісі келетін тәсілдердің жолын кесу.

Ардагерлер санының жыл сайын “өсіп” отыруы көпшіліктің күдігін күшейткені рас. Алайда уәкілетті орган бұл құбылысты “жаңа ардагер пайда болды” дегеннен гөрі, бұрын мәртебесі толық айқындалмаған әскери қызметкерлердің заңды құқығы рәсімделуімен байланыстырады. Яғни сөз – тарихи әділеттің орнына келуі туралы.

Бұл жерде 2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» заңның ықпалы ерекше аталады. Заң әр тарапта жүрген жеңілдіктерді бір жүйеге келтіріп қана қоймай, кей санаттағы әскери қызметкерлерді ресми түрде ардагерлер қатарына енгізді. Соның ішінде Ирактағы қазақстандық бітімгерлер, Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеуге қатысқандар және 1990-жылдары ТМД-ның тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарғандар бар.

Мәртебе берілген соң, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мен жеңілдіктерге жол ашылады. Бірақ тізім кеңейсе, бақылау да күшейеді: адал еңбегі бар азаматтармен қатар, “мәртебені сатып алғысы” келетіндер де табылуы мүмкін деген қауіп бар. Сол себепті ведомстволар тексеріс тетігін қатаңдатып, төлем істерін қайта қарауға көшкен.

2025 жылғы қыркүйектегі Жолдауды орындау аясында өңірлерде арнайы комиссиялар құрылып, зейнетақы және төлем құжаттары қолмен, жеке-жеке тексеріліп жатыр. Тексеру логикасы қарапайым: әскери билеттегі және Қорғаныс министрлігінің архивтік анықтамаларындағы мәліметтер мемлекеттік дерекқорлармен беттестіріледі. Қызмет мерзімінің датасы, бұйрық нөмірі немесе қызмет өткен аумақ бойынша сәйкессіздік шықса, төлем бірден тоқтатылып, қосымша тексеріс басталуы мүмкін.

Екінші үлкен мәселе – мүгедектік рәсімдеудегі күмәнді бағыттаулар. Еңбек министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, 2023–2025 жылдары медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) негізсіз жіберудің 10,6 мың жағдайы анықталған. Бұл – жеткілікті медициналық дәлелсіз-ақ мәртебе рәсімдеуге ұмтылу әрекеттері барын аңғартады.

Негізсіз жолдама көп тіркелген өңірлердің “алдыңғы үштігі” де көрсетілген. Түркістан облысында – 403 бұзушылық, Атырау облысында – 241, Батыс Қазақстан облысында – 224 жағдай тіркелген. Ведомство мұны жай қателік деп емес, медициналық көмек көрсету стандарттарын өрескел бұзу ретінде бағалайды.

Мұндай фактілер анықталған сайын, оған қатысы бар дәрігерлердің тізімі тоқсан сайын Денсаулық сақтау министріне жіберіледі. Соның негізінде тәртіптік және әкімшілік шаралар қабылданады. Яғни жауапкершілік тек “қағазда” қалмай, нақты бақылау механизмі арқылы жүрмек.

Жемқорлық тәуекелін азайтудың негізгі бағыты – цифрландыру. Реформаның өзегі қарапайым: пациент пен шешім қабылдайтын адамның тікелей байланысын барынша қысқарту. Өйткені бетпе-бет байланыс көбейген жерде “келісім” іздейтіндер де көбейеді.

Осы мақсатта Ақмола мен Павлодар облыстарында дәрігерлік-консультациялық комиссияларды (ДКК) орталықтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылған. Енді аудандық емхана мүгедектікке жіберуді “өз бетінше” шеше алмайды – тәуелсіз, бірыңғай құрылымның растауы қажет. Бұған қоса, кей ауру түрлері бойынша МӘС-тің қашықтан форматы енгізіліп, шешім электронды медициналық карта мен талдау нәтижелері арқылы ақпараттық жүйеде рәсімделеді: «цифр» эмоцияға ермейді, пара алмайды деген ұстаным алға шығып отыр.

Министрлік бүгінге дейін жалған мүгедектік немесе дерекқорды бұзу бойынша атышулы қылмыстық істер тіркелмегенін айтады. Бірақ бұл “бәрі тыныш” дегенді білдірмейді: инвентаризация мен тексеріс тоқтаған жоқ. Биліктің уәжі біреу – бюджеттен бөлінген әр теңге шынайы ардагерге және көмекке зәру азаматқа жетуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізу үшін кей азаматтардың жалған ажырасуға дейін барғаны туралы да ақпарат тараған болатын. Осы секілді “айла-шарғы” көбеймесін деген алаң – қазіргі қатаң тексерістің басты себептерінің бірі.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары