"Бірінші несие бюросының" мәліметінше, осы сәтте Қазақстандағы кредиті бар адамдардың саны 10 496 525 адамға жеткен көрінеді.
Ал халық санының 20 518 005 адам екенін ескерсек, бұл цифр тұрғындардың 51,2 пайызы несиеге байлаулы дегенді білдіреді. Яғни, іс жүзінде әрбір екінші адамның мойнында қарыз бар.
Әлбетте, несие алу әр адамның жеке мұқтаждығына байланысты болғанымен, ел тұрғындарының қақ жарымы қарыз арқалап өмір сүруі экономикалық тұрғыдан дабыл қағарлық жағдай. Өйткені, экономистер адамдардың қарызға алған ақшасы елдегі нақты табысты алмастыра бастағанын түсіндіре алмай отыр. Яғни, бұл жағдай экономикалық табыс өсім көрсеткенімен, халықтың нақты байлығы артпай отырғанын білдіреді. Демек, ел экономикасының өсімі туралы деректер күмән туғызады немесе әлеуметтің әлеуетін арттыруға қатысты Үкіметтің жобалары мен бағдарламалары нәтиже бермей отыр деген сөз.
Деректерге қарасақ, кейінгі үш жылдағы Қазақстан экономикасының өсім шкаласы жаман емес. Мысалы, 2023 жылы 5,1 пайыз, 2024 жылы 5 пайыз, 2025 жылы 6,5 пайыз ілгерілеу болды.
Бірақ, осы кезеңде адамдарға төленетін нақты жалақы индексі көтерілмеген. Яғни, номиналды табыс өссе де, инфляцияны есептегенде халықтың төлем және сатып алу қабілеті төмендеген үстіне төмендеп келеді.
Несие тақырыбына оралайық. Аталған экономикалық өрлеу кезеңінде халықтың банктерге несие алуға берген өтініштері көбейген.
Ал қазір орта есеппен әрбір еңбекке қабілетті қазақстандықтың банктердің алдындағы түрлі несиелер бойынша берешегі 2,14 млн теңгеге жеткен. Елде 2026 жылдың басындағы санаққа сәйкес 16 мен 62 жас аралығындағы, яғни еңбек етуге қабілетті 11,75 млн адам бар. Ал банктердің алдындағы ипотекалық қарыз көлемі еңбекке қабілетті әрбір қазақстандыққа шаққанда 604,4 мың теңгені құрайды екен Бұл шамамен 1,8 медиандық жалақы сомасы болады. Яғни, орташа табысы бар адам ипотекалық қарызынан құтылу үшін 1 жыл 8 ай бойы алған жалақысын толықтай банкке құйса, қарызынан құтылады екен.
Ал тұтынушылық несиелердің жағдайы өте күрделі. Қазір орта есеппен әр адам 1,439 млн теңге қарыз. Бұл 4,4 медиандық жалақыға тең екен. Демек, 450 мың теңге көлемінде жалақы алатын адамның 4 жыл 4 айлық ақшасы толықтай қарыз жабуға кетеді деген сөз.
Ресми статистикаға сәйкес, былтыр жеке тұлға ретіндегі бірегей қарыз алушылар саны 7,7 млн адамға жеткен. Қуанышқа қарай, 4 млн шамасындағы адам мүлде қарыз алмағандар қатарында. болып саналмайды.
Айтпақшы, Ұлттық банк дерегінше, "жалақыға дейінгі қарыз" жүйесі бойынша несие немесе займ алушылардың жас көрсеткіші төмендеп келеді екен. Яғни, қарыз алушылар жасарып келеді. Мәселен, қарыз алушылардың орташа жасы 2022 жылы 36 жас болса, 2024 жылы 33 жасқа дейін төмендеген. Қазір де осы шамада екен. Ал жалақыға дейінгі қарыздың орташа сомасы 50,6 мың теңгеден 64,2 мың теңгеге дейін өскен.
Бұдан еңбекке қабілетті жастардың табысы төмен екенін және айлық жалақының күнкөріс қажеттілігін толыққанды қамтымайтынын да ұғу қиын емес.