Жетісу облысында Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтті. Негізгі шара ретіндегі Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай "35 ауыл – 35 Ту тұғыры" патриоттық акциясы аясында аудан-қалалардағы 35 елді мекенде бір мезетте телекөпір байланысы арқылы 35 жаңа ту тұғыры ашылып, Ту көтерілді. Бұл ту тұғырлары жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен орнатылды, - деп хабарлайды kznews.kz. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс көлемінде кеңінен атап өтілген патриоттық іс-шараларға жалпы саны 3,5 мыңға жуық адам қатысты, оның мыңнан астамы облыс орталығында жиналды.
Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағы алаңында биіктігі 92 метрлік ту тұғырында орнатылған Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты өтті.
Мерекелік шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, жастар, қала тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі оркестрінің сүйемелдеуімен камералық хор мен облыстық филармония әртістері Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Сонымен қатар жергілікті шығармашылық ұжымдардың орындауында патриоттық әндер шырқалды.
Жалпы, Талдықорғандағы Ту тұғырының биіктігі кездейсоқ таңдалмаған. Оның 92 метр болуы - тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілген 1992 жылдың символдық белгісі. Мемлекеттік Тудың ұзындығы – 25 метр, ені – 12 метр. Композицияның тұғыр бөлігінде Қазақстан картасы бейнеленген. Ту тұғыры Мемлекеттік Туды автоматты түрде көтеруге арналған арнайы механизммен жабдықталған болат конструкциядан тұрады. Оның жанында салтанатты іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр орналасқан.
Патриоттық акцияға қатысқан өңірдің аудан-қалаларының тұрғындары бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, пікірлерін білдірді.
- Мемлекеттік рәміздер – бізге ата-бабамыздан жеткен мұра әрі біздің басты құндылығымыз. Мемлекеттік Тулардың бір мезетте көтерілгенін көру өте әсерлі болды, - деді Талдықорған қаласындағы № 18 мектеп-лицейінің оқушысы Аққожа Нұрәлі.