Ел экономикасы туралы езуіміз тілінгенше сынап айтып, жазғанымызбен нақты әрекет пен уақыт кезеңі анықтайтын жағдайлардан аттап өте алмаймыз. Және бұл жағдай экономиканың өсімін айқындайтын активтерге қатысты сөз қозғағанда мұқият болу керектігін де білдіреді.
Мысалы, ғаламдық дамудың кішкентай бір бөлшегі ретінде айналымға кірген Қазақстан экономикасының тұрақтылығына кепілдік беретін бірнеше фактор бар. Еліміздің әлем алдындағы толық картинасын құрайтын осы факторлар дамуымыздың бағытын да айқындап бермек. Яғни, ішкі экономикаға қойылатын әлемдік талап пен құйылатын инвестицияның кепілдігі үшін мемлекет өзінің қаржы тұрғысындағы "қауіпсіздік жастықтарын" қалыптастыруға міндетті. Елімізде бұл бағыттағы жұмыс қолға қойылған. Әдетте мұндай тәуекелі көп іспен Ұлттық банк айналысады. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов есеп берді. Ол жария еткен деректерге қарағанда басты қаржы ұйымы атқарған жұмыс ауқымды. Демек, Ұлттық банктің көрсеткіштері экономиканың кепілдігі үшін істелген жұмыстың көлемін де, нәтижесін де анық көрсетеді. Ал дерекке жүгінсек, Ұлттық банк иелігіндегі негізгі активтер өсім көрсетіп отыр.
Мысалы, алтын-валюта резервтері 36 пайызға өсіп, 62,1 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы ең жоғары деңгей екен. Сондай-ақ, Ұлттық қордың валюталық активтері 4,8 млрд долларға артқан. Ал өткен 11 айдағы инвестициялық табыс 8,2 млрд долларға көбейіп, өсім 13,7 пайызды құраған. Мұнан бөлек зейнетақы қорының активтері де 25 трлн теңгеге жетіп, жылдық өсім 11,7 пайыз болды дейді.
Осы жерде еліміздің алтын-валюта резервтері туралы кеңірек тоқталғымыз келеді. Өйткені, мемлекет экономикасының тұрақтылығы мен сыртқы қаржылық міндеттемелерді орындау қабілетін көп жағдайда алтын-валюта резервтерінің деңгейі анықтайды екен. Яғни, бұл резервтер кез келген елдің қаржы жүйесін қорғап, валютасын тұрақтандыратын және ішкі экономиканы сыртқы қысымдардан сақтайтын стратегиялық қор ретінде бағаланады.
Ұлттық банк сақтап отырған еліміздің алтын-валюта резервтері дегенде көз алдымызға не келеді?
Қарапайым түсінікке салсақ, қап-қап алтын мен бума-бума ақшаны бетондалған бункерге тығып, сақтап отырғандай боламыз. Сөйтсек, Ұлттық банктің сақтайтын активтері мынандай ұғымдарды қамтиды екен: монетарлық алтын, шетел валюталары, резервтік қаржы құралдары жинақтала келе тұтас алтын-валюта резервтерін құрайды.
Әрине, бұл резервтер мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, нарықта валюталық дағдарыс орын алғанда экономикаға қолдау көрсету және сыртқы борыштарды жабу мақсатында сақталатын стратегиялық қордың міндетін атқарады.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерді сараласақ, биыл елдің алтын-валюта резервтерінің айтарлықтай өскені айтылады. Және бұл өсімнің басты факторы ретінде халықаралық нарықтағы алтын бағасының қымбаттауы мен валюталық активтердің кеңеюі көрсетіледі екен. Мысалы, 2025 жылғы қазан айындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, жалпы халықаралық резервтер шамамен 124,1 млрд долларды құраған. Оның ішінде Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 52–53 млрд доллар шамасында болған. Ал таза халықаралық резервтер қоры 60,7 млрд доллар көлеміне жетіпті. Мұндағы таза алтынның үлесі шамамен 41,9 млрд доллар екен.
Осы жерде "Қазақстанда қанша алтын бар?" деген қызықты сауал туады. Дерекке қарасақ, елімізде қазіргі таңда 324,4 тонна таза алтын бар!
Жалпы, экономикалық қауіпсіздік активтерінің арасында алтынның бәсі ежелден жоғары болып келген. Яғни, алтын тәуекелден қорғаушы металл ретінде құнын арттырмаса, кеміген емес. Есесіне, алтын қорының ұлғаюы әлемдік нарық құбылғанда жүгінетін бірінші кепіл көзіне айналады. Өйткені ауытқу кезеңдерінде алтынның құны көбіне жоғарылап, резервтердің қауіпсіздігін арттырып отыратыны дәлелденген.
Ал Қазақстан үшін алтын-валюта резервтерінің тұрақты түрде өсуі стратегиялық тұрғыдан маңызды. Біріншіден, алтыны бар елге инвесторлардың сенімі артады. Екіншіден, елдің халықаралық рейтингін жақсартады. Үшіншіден, мемлекетке макроэкономикалық саясатта маневрлар жасауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықаралық деңгейдегі дағдарыстар кезінде ішкі экономиканы сақтап қалудың басты кепілі болады. Сондықтан да алтын-валюта резервтерін мемлекеттің "қауіпсіздік жастығы" деп атайды.
Ал экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан үшін бұл резерв тәуекелі көп табиғи факторлардан қорғайтын мықты қалқанға айналады.
Деп келгенде, еліміздің алтын-валюта резервтерінің айтарлықтай өсуі биылғы экономикалық жағымды тренд ретінде айтылуға тиіс. Бұл отандық экономиканың сыртқы күйзелістерге төтеп беру қабілетін арттырып, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ал алтын үлесінің артуы мемлекеттік резерв құрылымында стратегиялық рөл атқарып, экономикалық тұрақтылықтың басты кепіліне айнала береді.