Жыл басынан бергі есептеулердің нәтижесіне қарасақ, еліміздің экономикалық дамуы қалыпты деңгейді сақтап тұр деуге әбден болады.
Мәселен, бірінші тоқсандағы экономикалық өсім 3 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде қарағанда бұл қалыпты жағдай. Әлбетте, жалпы көрсеткіштер мен жекелеген сектор бойынша ауытқушылық болғанын ескеруіміз керек. Ал тұтастай алғанда 3 айлық өсімнің 3 пайыздық межеге жетуі Үкіметтің жұмысын "семіз төрттікке" бағалауға жол ашады.
Талдап айтқанда, бірінші тоқсандағы өсімнің негізгі драйвері ретінде қызмет көрсету саласы алға шықты. Бұл сектордағы көрсеткіш 3,7 пайыз. Бұған сауда, көлік, логистика саласындағы сервистер кіреді. Негізі қызмет көрсету бағытындағы қаржы айналымы экономикалық тұрғыдан "жанама табыс" көзі ретінде қарастырылады.
Ал жыл басынан бері осы сектордағы белсенділіктің артуы экономикалық дамудың қозғаушы күші ретінде бағаланатын өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласына қатысты сұрақ туғызады. Яғни экономика әлі де тұтыну мен ішкі айналымға сүйеніп тұр деген сөз. Бұдан "нақты табыс" көзі саналатын өндіріс пен ауыл шаруашылығы секторы әлі де бабына келмегені байқалады. Дерекке қарасақ, өткен кезеңдегі осы сектор небәрі 2,1 пайыз өсім берген екен. Демек, экономиканы әртараптандыруда әлі де теңгерімсіздік сақталып отырғаны анық. Бірақ, сарапшылар аталған екі сектордағы өсім таза ішкі табыстың есебінен болғанын айтады. Яғни, жыл басынан бері қызмет көрсету мен өндірістік бағыттарға мемлекеттік қолдау тетіктері бағытталмаған дейді.
Есесіне, құрылыс пен көлік саласындағы қарқын қызған. Әлбетте, бұл бағытта мемлекеттік қолдау шарасы байқалады. Мысалы, құрылыс саласының 14,8 пайыз өсім беруі негізінен мемлекеттік инвестицияның артуына байланысты болып отыр-мыс. Яғни, инфрақұрылымдық жобаларға мемлекет тарапынан берілген тапсырыс жалпы саланың жұмысына жан бітірген болып шығады. Дәл осындай жағдай көлік секторына да тән, өткен үш айда мұндағы өсім 12,8 пайыз шамасында болған.
Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінің 8,5 пайыз өсуі сектордағы тиімді қозғалысты аңғартты. Оның үлесі 12,7 пайызға жетіп, шикізат секторын басып озған. Бұл салада құрылымдық өзгерістің басталғанын аңғартады дейді мамандар. Бұл бір қарағанда еліміздің "шикізат экономикасынан" біртіндеп болса да алыстап келе жатқанын білдіретіндей.
Қорыта айтқанда, 3 айдағы 3 өсім динамикасы отандық экономикада алға жылжудың бар екенін көрсетеді. Алайда, мәлім болған деректерге қарағанда қазіргі жағдайдан үш қайшылықты трендті байқауға болады. Және бұл жекелеген секторлар мен жергілікті дамуға қатысты қалыптасып отырған көрінеді. Яғни, бірінші тоқсандағы нәтиже бойынша жалпы экономика өсімінің бір ғана сектор - қызмет көрсету саласына тәуелділігі байқалды. Екіншіден, өңдеу өнеркәсібі баяу болса да қарқын алып келеді, бұл үмітті оятты. Үшіншіден, аймақтар арасындағы даму теңсіздігі тереңдеуде деген де пайым бар. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде Атырау облысы мен Ақмола облысының даму көрсеткіштері тым төмендеп кеткені айтылуда. Мұнайлы өңір 4 көрсеткіш бойынша, ал Ақмола 3 көрсеткіш бойынша межеге жете алмапты.
Деп келгенде, жылдың басы отандық экономика үшін жаман болған жоқ. Еңбек көрігі енді қызатынын ескерсек, өсім көрсеткіші алдағы кезеңде жаңа белеске шығуы ғажап емес. Дегенмен, мәселе статистикалық мәліметте емес, қол жеткен өсім көрсеткішінің елдегі өмір сүру сапасына оң ықпал етуінде болып тұр.