Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген соңғы сауалнама нәтижесі қоғам мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты маңызды бір тенденцияны көрсетті.
Сауалнама нәтижесіне қарасақ, респонденттердің 70 пайызы мемлекет қоғам пікірін еститінін немесе кем дегенде оған құлақ асады деп жауап берген екен. Бұл көрсеткіш бір қарағанда жоғары деңгейдегі қоғамдық сенім индикаторы ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда, дәл осы нәтиже ақпараттық ортада түрлі пікірталас тудырды. Бір тарап оны мемлекеттік коммуникацияның тиімділігі ретінде бағаласа, екінші тарап қоғамның нақты ықпал ету мүмкіндігіне күмән келтіреді екен.
Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі жағдайда мемлекет азаматтық пікірді бақылап, мониторинг жасап, оны жүйелі түрде талдайтын институционалдық құралдарға ие. Бұл тұрғыда "есту" механизмі жұмыс істеп тұр деуге болады.
Алайда, "қоғамдық пікір саяси шешімдерге қаншалықты ықпал етуші тетікке айналып отыр?" деген сұрақ жауапсыз қалатын сияқты.Сауалнама нәтижесін сынға алған пікірлердің негізгі уәжі де осы тұста жатыр. Яғни, қоғамда айтылатын сын мен ұсыныстардың барлығы бірдей саяси шешімге айналмайды. Ал кейбір реформалар мен шешімдер дәл сол қоғамдық пікірден туындаған реакция ретінде қабылданады.
Басқаша айтқанда, мемлекет бір жағынан қоғамды тыңдайды, екінші жағынан барлық пікір автоматты түрде саясатқа айналмайды. Себебі, мемлекеттік шешім қабылдау процесі тек қоғамдық пікірге ғана емес, экономикалық, геосаяси және институционалдық факторларға да тәуелді.
Мысалы, жаңа Салық кодексіне қатысты осыны айтуға болады. Қоғамдық пікір ауанының қысымынан кейін Президент ол құжатты жетілдіруді ұсынған болатын. Бірақ, нақты жағдайға келгенде Үкімет өз ұстанымынан айныған жоқ. Мұны жаңа Салық кодексінің "кіндік әкесі" саналатын Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жазбаларынан көруге болады.
Әлбетте, бұл жерде мемлекеттік жүйе мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты бір сауалнама қортындысына байлап қоюға болмайды Яғни, респонденттердің 70 пайызының мемлекет қоғам пікірін "естиді немесе құлақ асады" деп бағалауы тұтас картинаны көрсетпеуі мүмкін.
Сол сияқты мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысқа күмәнмен қарайтын немесе оны жеткіліксіз деп есептейтін 30 пайыздық топтың да пікірі жеке көзқарас деңгейінде қала береді...